Спорт

Республикалық спартакиада эстафетамен аяқталды

Эстафета жалпы қысқы спартакиадаға нүкте қоятын қорытынды сын. Мұнда әр құраманың үздік деген шаңғышылары іріктеліп ақырғы жарыс жолына шықты. Әр құрама төменгі және жоғарғы буынның бетке ұстар 4 мүшесінен құралды. Осылайша сұрыпталған қыздар легінде 7 топ. Команданың жалпы дайындық деңгейі сараланатын тартыста қыздар легі 3 шақырымдық қашықтықты бағындырды. Бұл ретте қостанайлық нәзік жандардың алдын ешкім орай алмады. Халықаралық және ел деңгейіндегі додалардың жеңімпазы Наталья Черных шаңғы жарысының барлық кезеңдерінде қарсыласын шаң қаптырыпты. Нәтижесінде жалғыз өзі Қостанай құрамасының қоржынына4 бірдей алтын алқа салды.

Наталья Черных, жарыс жеңімпазы:
-Аяғыма шаңғы байлағаныма 3 жыл болды. Осы уақыттың ішінде спорт шеберіне үміткер атандым. Әуестігімнің бар жетістіктері әкемнің арқасы. Ол өзі бапкер. Сондықтан спорт мектебінде де, үйде де тынымсыз жаттығамын. Әр шыққан жарысымда еңбегін ақтап жүргеніме қуаныштымын.

Ерлеген чемпиондардан кейінгі тұғыр ШҚО құрамасына бұйырса, үздік үштікті павлодарлықтар тұйықтады. Жергілікті қыздар тек 4-ші орынды місе тұтты.

Валерий Десятов, шаңғыдан СҚО құрамасының жаттықтырушысы:
-Әзірге мақсат еткендей шаңғышыларымыз жалпы есепте 5-ші орында келеді. Қыздар эстафеталық сында жарыстың соңына дейін үшінші болып келген. Алайда үздік үштікке тұрақтай алмады. Мәреге сәл-ақ қалғанда павлодарлықтарға жарыс жолын беріп қойды. Ендігі үмітіміз ер балалардың сайысы. Тым болмағанда осы деңгейді сақтап қалса игі болар еді.

Кейін мектеп және колледж оқушыларының 6-шы қысқы спартакиадасының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Жиында барлық 10 спорт түрі бойынша нәтиже шығарылды. Суырылып алға шыққан үздіктер түрлі марапатқа ие болды. “Оқушылар спартакиадасынан – олимпиада жеңісіне дейін!” Осылайша ұрандатқан 2 мыңнан артық сайыскер 2 апта бойы өзара мықтыны анықтады.

Бауыржан Рамазанов, спартакиаданың бас төрешісі:
– Дәстүрлі жарыс үлкен спортқа жол ашады. Дәл осы доданың жеңімпаздары қазір әлемдік тартыстарда ел намысын абыройлы қорғап жүр. Әсіресе жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, бұқаралық спортты дамытуда маңызы зор. Іріктеу кезеңдерін қоса алсақ 500 мыңға тарта шәкірт мүмкіндігін сынап көрді. Сүрінбегендері СҚ-ға ақтық ойындарға жиналды.

Сүт бетіндегі қаймақтары тағы өзара мыңнан тұлпар, жүзден жүйрікті таңдады. Жалпы есепте Қарағанды өңірінің құрамы жарысты үшінші болып аяқтады. Жеңіс тұғырының екінші сатысына қостанайлықтар көтерілді. Ал бас жүлдені ШҚО мен СҚО майталмандары өзара бөлісті.

Ризабек Еспенбетов, ШҚО дене шынықтыру бөлімінің бастығы:
-Біз спорттың 9 түрінен күш сынастық. Оның 4 түрінен біз үкілеген сайыскерлердің алдын ешкім орай алмады. Былтыр да спартакиаданың жеңімпазы атанғанбыз. Чемпиондығымызды дәлелдеп, жеңіс жолынан таймағанымыз қуантады. Бұл біріншіден өңірдегі спортқа үлкен көңіл бөлінетіндігін көрсетеді.

Солтүстікқазақстандықтар былтыр екінші орынға тұрақтаған. Алаң иелері биылғы есе қайтаратын мүмкіндікті қалт жібермеді.

Данияр Шәкенов, СҚО дене шынықтыру және спорт аймақтық орталығының директоры:
– Ұлдар және қыздар арасындағы шағын футболдан өткен тартыстарда бізге тең келер қарсылас табылмады. Допты хоккей мен спорттық бағдарлаудан да үздіктердің қатарында болдық. Басқа да жарыстардың жекелей сындарында жүлдегерлер болды. Ендігі мақсат алдағы жарыстарда шеберлікті шыңдап, нәтижені еселеу.

Байрақты доданың өтуіне қол ұшын берген өңіріміздің спорт жанашырлары да назарсыз қалмады. Бірқатар ұйымдастырушыларға білім және ғылым министрлігінің құрмет грамотасы мен алтын кеуде белгілері табысталды.

Жеңіс Ермұқанов