Ауыл шаруашылығы

Бағаны ырықтандыру

Өткен жылы құрғақшылықтың салдарынан егін аса бітік шықпады. Осыған байланысты нарықтағы бидайдың құны да көтерілген. Бағаны ырыққа көндіру мақсатында елімізде де, облыста да бірқатар шаралар қолға алынды. Солардың бірі – 2012 жылдың 25-шілдеде қабылданған меморандум. Оған Қазақстанның астық өңдеу одағы мен облыстық әкімдік, «ҚазАгро» холдингі, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі қол қойған болатын. Бұл құжатқа сәйкес «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұн тартатын кәсіпорындарға төмендетілген бағамен алтын дән жеткізуі тиіс. Осылайша 3-сұрыпты бидайдың тоннасы 28 мың теңгеден саудаланды.

Қанат Бейсенов, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ СҚО өкілдігінің менеджері:
-Мұндай жақсы мүмкіндікті диірмендер, нан шығаратын кәсіпорындар пайдалана алады. Жылдық жеткізілім 45500 тоннаны құрайды. Ай сайын 3 791 тоннадай бидай сатамыз. Өткен жылдың тамыз айынан 26 537 тонна астық сатылды.

Құс өсірумен айналысатын шаруашылықтарды қолдауға да осы сынды бағдарлама қарастырылыпты. Өткен жылы тамыздың 7-сі қол қойылған меморандум негізінде 1 тонна астық құс фабрикаларына 28 мың теңгеден сатылуда. Бүгінгі күні 13 мың тоннадан астам астық шаруашылықтарға жеткізіліпті. Солтүстік Қазақстан облысы астықты аймақ болғандықтан, өзге де өңірлердің бидайға деген сұранысын қамтамасыз етеді.

Қанат Бейсенов, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ СҚО өкілдігінің менеджері:
-Сондай-ақ біз 3-сұрыпты бидайды Павлодар, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары, Алматыдағы нан шығаратын кәсіпорындар мен құс өсіретін шаруашылықтарға да арзандатылған бағамен жеткіземіз. 2012 жылдың тамызынан бастап өңіріміздегі астық қоймаларындағы 73 079 тонна бидай сатылды.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осындай қолдауды пайдаланып қалғандардың бірі – «Петропавл нан-тоқаш комбинаты» ЖШС. Өткен жылы аталмыш кәсіпорын шамамен 10 мың тоннаның өнімін өндіріпті. Мұндағы 1 бөлке нанның құны 42 тг.

Вадим Ишмаметов, «Петропавл нан-тоқаш комбинаты» ЖШС жабдықтау бастығы:
-Меморандумның пайдасы зор. Өйткені осы құжаттың арқасында 3-сұрыпты бидайдың тоннасын не бары 28 мың теңгеге сатып аламыз. Нарықта мұндай астықтың құны шамамен 2 есе қымбат. Осы шараның арқасында нан қымбаттамай тұр.

«Азық-түлік келісім шарт корпорациясының» өңіріміздегі өкілдігінің 300 мың тоннаға жуық астығы облысымыздағы 26 элеваторда сақтаулы.

Айдана Демесінова