Мәдениет

Сәулет ескерткіші қалпына келтіріледі

Қазан төңкерісіне дейін салынған ерекше баспана жайлы әлі де түрлі аңыздар айтылуда. Бұл үй тұрмысқа шығамын деп уәде берген қызға арналған сыйлық екен. Петропавлдық аудагер Халит Янгузаров қалыңдыққа мәскеулік бойжеткенді таңдапты. Мұндай ерекше сыйлықтың жобасын жасауға итальялық архитекторды шақырған көрінеді. Ғимаратта кейінгі барокко, модерн элементтерін кездестіруге болады. Алайда, аруға берген уәденің бұған еш қатысы жоқ дегендер де болған екен. Кейбіреулер көпес біреумен бәстескен деседі.

Рафаиль Рязапов, «ДІН-МҰХАММАД» мешітінің имамы:
-Ол Мәскеуге барып, ол жердің сұлуын Петропавл қаласына алып келемін деп досына уәде берген. Осылайша ол үлкен қаладан өзінің махаббатын тауып, Петропавлға алып келді. Өзінің сүйіктісі үшін аз уақытта, не бары 3 айдың ішінде әдемі үй салып берді.

Үйлену тойына 3 күн қалғанда көпес көз жұмған деген дерек те бар. Янгузаров өз ысырапшылдығынан бар байлығынан айырылды деген әңгімелер де халық арасында болған екен. Өйткені жапсырылып мәнерленген материалдар, қыш тақташалы алауошақ, керамика және еменнен жасалған үлкен есіктердің барлығы қымбат әрі алыс жерден әкелініпті.

Қанат Қасымов, «Қалыңдық үйінің» қараушысы:
-Янгузаров бір көргеннен сол қызды ұнатып қалды. Сол келісім алды. Кейін осындай әрекеттерге көшті. Ол өте бай адам, мүмкіншілігі мол. Қолынан келгеннің барлығын істеді.

Бұл үйдің мұрагерлері де болуы ықтимал.

Людмила Соркотяга, СҚО мәдениет басқармасы тарихи-мәдени құндылықтарды қорғау жөніндегі бөлімінің бастығы:
-Көпес әйелімен Петропавлға келді деген болжамдар бар. Кейін олар Ташкентке кетсе керек. Онда екі ұлы туған. Үйді жөндегенде көпес және осы ғимарат жөнінде көбірек мағлұмат аламыз деп үміттенемін.

Сырттай қарағанда баспана тастан жасалған секілді. Алайда бұл – арнайы сылайтын затпен қапталған ағаш үй. Қалпына келтірушілер наурыз айының соңында келмек. Әзірге сүйікті қызға арналған бұл сыйлықты жаңғырту үшін 61 млн теңге бөлініпті.

Айдана Демесінова