ТЖ

Мереке күндері өрт оқиғалары жиіледі

Қатты боран салдарынан наурыздың сегізінде барлық бағыттарға қатынайтын жолдар жабылды. Соның салдарынан қалааралық автобус рейстері де кейінге шегерілген болатын. Кейбірі автобус парктеріне қойылса, енді бірі автобекет аумағындағы тұраққа таңасырылған. Солардың бірінде өрт шығып, қызыл жалын жанында тұрған автобусты да шарпыпты. От Петропавл-Қостанай бағытына қатынайтын көліктен шығып, артынша Тобылдан Петропавлға келген «Хюндай» автобусына ауысады.

Аян Құсайынов, Петропавл қалалық ТЖБ инженері :
-Наурыздың сегізі күндізгі 12.30 шамасында кезекші бөлімге автовокзалда екі автобустың күйіп жатқандығы туралы хабар түсті. Оқиға орнына №5 өрт сөндіру бөлімі жіберіліп, қызыл жалынды ауыздықтауға 4 техника мен 20-ға тарта маман қатыстырылды. Қызыл жалынды екі сағат ішінде өшірдік. От көлік қозғалтқышындағы сымның қысқа тұйықталуынан шықты деген болжам бар. Қазіргі күні шығын құны анықталуда.

Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Өрт оқиғасы орын алған кезде автовокзал аумағынан 120 адам қауіпсіз жерге шығарылған. Оның 15-і балалар.

Самат Есмағи