Ел алдында міндетін абыройлы атқару – әр ер азаматтың парызы. Бірер сәттен кейін мына азаматтар Қарағанды облысына әскери-оқу жиындарына аттанады. Олар онда “СПАССК” полигонында әскери қызметтің қыр-сырын үйреніп, 1 аптадан соң ант қабылдайды. Борышын өтеуге аттанғалы тұрған азаматтарға ҰОС ардагері Анатолий Гершунов сәт сапар тіледі. Егде жасына қарамастан қария қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып келеді. Сондықтан да мұндағылар ардагердің еңбегін ескеріп, облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің “Құрметті ардагері” төс белгісімен марапаттады. Запастағы 27 – 33 жасқа дейінгі азаматтар 5 жылда бір рет оқу-әскери жиындарына қатыса алады. Және ол 1 айға созылады. Бұл жолы Қарағанды облысына 100 солтүстікқазақстандық аттанды. Жыл соңына дейін оқу жиындарына тағы осынша азаматты жіберу жоспарланған. Әскери-оқу жиындарын аяқтаған ер азаматтарға әскери мамандық пен атақ беріледі.
Әскери-оқу жаттығу жиындарына денсаулығы жарамай немесе отбасылық себептерге байланысты әскер қатарына алынбаған азаматтар ғана аттанады. Жалпы көктемгі әскерге шақыру науқаны биыл сәуір – маусым айларына жоспарланып отыр.
Гүлбану Ахметова