ТКШ

Зайсандықтар қар құрсауында отыр

Петропавлда қар шығару жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ол тек орталық көшелер ғана емес, шет аудандарда қолға алынған. Бірақ барлық көшелер қамтылып жатыр деп айту қиын. Қалалық әкімдіктегілер бұл жұмыстар кестеге сай атқарылуда дейді.

Ғали Әбдірәшев, Петропавл қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маманы:

 

-Қазіргі күні қар шығарумен 6 кәсіпорын айналысуда. Бұған жұмылдырылған техника саны 150-ге жуық. Бүгінгі күні Караванная, Халтурина, Советская секілді бірқатар көшелерді қардан арылттық. Жекеменшік секторлардағы қар шығару жұмыстары арнайы бекітілген кесте бойынша жүргізілуде.  

Зайсан ауданының бірқатар көшелері қардан тазартылған. Алайда Комсомол көшесі коммуналдық қызметтегілердің назарына ілікпегенге ұқсайды. Тұрғындар үйдің маңындағы қарларын көшенің ортасына үйген қыс бойы. Бірақ бір де бір рет қар шығару жүргізілген емес бұл жерде. Нәтижесінде көшенің қақ ортасынан ұзындығы 20 метрден асатын, биіктігі 4 метрге жуықтайтын тау пайда болыпты.

Надежда Шило, зейнеткер:

-Біздің мәселеміз қардың көптігі. Тіпті оны лақтырар жеріміз қалмады. Маңайға көлікпен келе алмайсың. Мына күртік еритін болса, үйімізбен суға қалқып кетеміз. Қалалық әкімдіктегілер қар шығаруға жәрдемдессе деген өтінішіміз бар.

Комсомол көшесінің соңы Есіл өзенінің жарқабағына келіп тіреледі. Маңайдағы аққан лас судың бәрі осы көшемен өтіп, өзенге құйылады екен. Оның үстіне бұл жерден иесіз коллектор өтеді. Одан құйылған су жыл санап, жарқабақтың топырағын шайып кетіп жатыр. Тұрғындар бір күні үйіміз опырылған балшықпен бірге Есілге ағып кете ме деп қауіптенеміз дейді.

Сергей Чернышов, тұрғын:

-Коллектордың иесі жоқ. Одан аққан су жыл сайын мына жердің топырағын шайып кетіп жатыр. Өткен жылы өз күшімізбен 50 КАМАЗ балшық төккен болатынбыз. Ол да жуылып кетті. Қалалық әкімдіктегілер осы мәселеге көңіл бөліп, қол ұшын берсе дұрыс болар еді. Әйтпесе бір күнде үйсіз қалуымыз мүмкін.

Қардың қалыңдығынан жекеменшік секторларды су басу қаупі бар. Сондықтан төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары тұрғындарға сақтық шараларын естен шығармау керектігін ескертіп дабыл қағуда.

Сергей Черкасов, СҚО ТЖД 2-дәрежелі құтқару станциясының бастығы:

-Су басып қалудың алдын алу үшін үйдің маңын қардан тазарту керек. Төтенше жағдайлар туындаса біз көмекке келуге дайынбыз. Су соратын арнайы машиналарымыз бен насостарымыз бар. Дегенмен тұрғындардың өздері де бұл іске қамданғандары жөн.

Қар шығару жұмыстарымен айналысатын кәсіпорындардың бірінің гаражы Ойқалада орналасқан. Алайда ол жердегі жағдай да көңіл көншітерлік емес. Қар тау болып үйілген. Сондай көріністердің бірін Смирнов көшесі бойынан кездестірдік. Мамандар бұл жер ақ ұлпадан тазартылған дейді. Бірақ жұмыс қаңтар айының басында жүргізілген.

Самат Есмағи