Қоғам

Түзету мекемесіндегі арулар байқауы


Өзін 3 тілде таныстырған Құралай Нұрғожаева қазылар алқасы мен жиылғандарды бірден баурап алды. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, темір торға түскен әйел болашақтан бір сәт қол үзген емес. Аяғын шалыс басқанына өкінген жан бостандыққа шыққасын бала сүйіп, үлгілі ошақ иесі атануды армандайды.

Құралай Нұрғожаева, «ЕС-164/6 мекемесі» РМК жазасын өтеуші:
– Болашақтан үмітімізді үзбей, әрдайым әдемі, әрдайым әйел болып қалғымыз келеді. Айналамыздағы қыздар үшін, өзіміз үшін тырысып өнерімізді көрсетіп жатырмыз.

Қамаудағылар арасында мұндай байқау ұйымдастыру игі дәстүрге айналған. 2013 жылдың аруы атану үшін 10 үміткер бәсекелесуде. Әрбірі жақсы дайындалып, сұлулығымен көзге түсуге тырысты. Алдымен сайыскерлер өздерін таныстырды. Кейін қазылар алқасы олардың жүрісі мен сәнді көйлектерін тамашалады. Айта кету керек, киімдерін қатысушылар өздері тіккен екен. Келесі кезекте заңның ала жібін аттағандар көрермендерге өнерлерін паш етті. Кейбіреулері сыңғырлаған әсем дауысымен, енді біреулері көркем биімен таң қалдырды. Арулар байқауында бойжеткендердің тапқырлығына да үлкен мән берілді. Соңғы кезең қатысушылардың бойынан осындай қасиетті байқауға бағытталыпты.

Айқын Баженов, «ЕС-164/6 мекемесі» РМК бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары:
-Бұл сотталғандарды тәрбиелікке шақырады. Олар өз өнерлерін көрсетеді деп ойлаймыз. Ән айтады, би билейді, өздері тіккен киімдерін көрсетеді.

Байқау қорытындысы бойынша Құралай Нұрғожаева өнерімен де, көркімен де өзгелерден озып, бас жүлдені ұтып алды. Бұл жерде шаштараздар сайысы да өтті. Мұнда бағын сынағандардың екеуі де қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

 

Айдана Демесінова