Мәдениет

Іскер әйелдерге арналған фотокөрме

«Арманмен қанаттанған» фотокөрмесінде өз істерімен өңіріміздің дамуына үлестерін қосып, түрлі салада табысты еңбектеніп жүрген нәзік жандардың суреттері қойылған. Қамқор ана, отбасының ұйытқысы бола білген әйелдер қауымының қоғамдық өмірде де алар орны бөлек.

Әдия Ахметова, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
Әйелдердің қоғамдағы орнын әлі де көрсете беру керек. Оларды қоғамдық жұмысқа тарту керек. Әсіресе қазақтың қыз-келіншектерін. Осы кісілер көбінесе отбасылық тәрбиеге, жастардың, қыздардың тәрбиесіне атсалысуы қажет.

Көрмеге келушілердің назарына нәзік жандардың портреттік, сонымен қатар үй-ішімен, әріптестерімен жұмыс басында түскен суреттері ұсынылды. Ондағы кейіпкерлердің көбін осы жерден кездестіруге болады. Көктемнің шуақты мерекесінің қарсаңында ұйымдастырылған шара барысында айтылған барлық жылы лебіздер мен құттықтаулар да осы жандарға арналды.

Жангелді Тәжин, облыстық саңырау балаларға арналған мектеп-интернат директоры:
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған көрменің ашылу салтанатында тұрғаныма қуаныштымын. Осындай барша адамзат тойлайтын 8-наурыз мерекесі барша аналарымыз, қыздарымыз, қарындастарымыз бақытты болсын.

СҚО іскер әйелдер қауымдастығы қоғамдық бірлестігіне – 18 жыл. Осы уақыт аралығында олар түрлі саладағы жүздеген белсенді іскер әйелдерді біріктірді. Фотосуреттермен қатар көрмеде іскер әйелдердің марапаттары, дипломдары жұртшылық назарына ұснылған.

 

Әспет Әбдірешова