Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Нұр Отан» ХДП сайлауалды тұғырнамасының жүзеге асырылуы

«Нұр Отан» ХДП сайлауалды тұғырнамасы – алдағы 5 жылдағы даму бағыттары айқындалған құжат. Отырыста оның орындалуы жайында орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары есеп берді. ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев тұғырнаманың экономикалық бөлімінің жүзеге асырылуына тоқталды. Құжатқа жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 6-8 пайыз деңгейінде көзделген. Көрсеткіш 5 пайызды құрап отыр. Бизнеске әкімшілік жүктемелер қысқарып, 257 рұқсат беру құжаттары алып тасталған. Жаңа бизнес-идеяларды қолдау да ерекше назарда. Өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арнайы гранттар бөлінуде. Аймақтарды дамыту да – тұғырнаманың басым бағыты. Бұл мақсатқа 3 жылға 120 млрд теңге қаражат бөлініпті. ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов құжат бойынша кейбір жоспар асыра орындалды дейді. Балалардың 71,5 пайызы мектепке дейінгі біліммен қамтылды. 2020 жылға дейін көрсеткіш 100 пайыз болмақ. Ғылым саласын қаржыландыру 2 есеге өсіпті. Ал ауыл шаруашылығы саласында шешуді қажет ететін мәселелер молынан. Мәселен еңбек өнімділігін жоғарылату деңгейіне қол жеткізілмепті. Экспорт үлесін арттыру жоспарын да орындамау қаупі бар көрінеді. Бұдан соң Серік Ахметов тапсырманың өңірлерде жүзеге асырылуын сұрастырды. Премьер-Министр облыс әкімдеріне тұғырнаманың орындалуын тікелей басшылыққа алуды жүктеді.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
Тұғырнамада айқындалған міндеттерді орындау бойынша өңірлерге тиісті тапсырма беріліп отыр. Барлық басқарламалар мен мемлекеттік органдардың басшылары жұмыстың сапалы әрі тиімді жүзеге асырылуына атсалысуы тиіс. Өңір экономикасының түрлі салалары қамтылған 6 бөлім мен 86 тармақтан тұратын тұғырнама орындалуы қажет.

Мәселе нұротандықтардың отырысында жан-жақты талқыланбақ.

Инеш Шоқақова