Көлік және жолдар

Қоғамдық көлік сапасы тексерілуде

Соңғы есептік кездесулерде тұрғындар тарапынан жолаушылар тасымалының қызмет сапасына көңілдері толмайтындығы жиі көтеріліпті. Сондықтан, қала көшелерінде қатынайтын қоғамдық көліктердің сайлылығын тексеру шаралары күшейтілді.

Дулат Шарапидинов, қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы бөлімінің бас маманы:
Ай сайын рейдтік шаралар өткіземіз. Бағыттық автобустардың бүге-шүгесіне дейін тексереміз деп айтуға болады. Әсіресе, көлік нысандарының ішкі тазалығына шағымдар көп түседі. Санитарлық талаптардың ескерілуі, орындықтардың сайлылығы, ішкі ақпараттық қағаздардың толықтығы мен дұрыс жазылуын бақылаудамыз.

Ал, жол сақшылары болса жүргізушінінің барлық құжаттамалары мен автобустың техникалық жарамдығын қарайды. Осы төңіректе жыл басынан ғана 200-ден артық түрлі заңбұзушылық анықталыпты.

Андрей Харченко, қалалық ЖПБ мемлекеттік инспекторы:
Негізінен дөңгелектері маусымға сай емес. Тежегіш жүйесі де талапқа сәйкес келмейді. Өзге де кішігірім техникалық ақаулар тіркеледі. Біз жүргізушілерге олқылықтарды түзеуді бірнеше рет ескерттік.

Айтқанды тыңдағандарымен ортақ ережелерді елемеушілік азаятын емес. Бұны көлік инспекциясының мамандары да растап отыр.

Талғат Бейсенов, көлік инспекциясының маманы:
Жыл басынан жолаушылар тасымалы заңнамасын бұзған 83 акті тіркелді. 24 қоғамдық көлік иелеріне әкімшілік хаттама толтырылды. Көбі шамадан көп жолаушы тиеп алады. Біршамасында жүрген бағыттарына рұқсат қағаздары жоқ.

Пайда соңында жүріп жолаушылардың қауіпсіздігіне немқұрайлық танытқан кәсіпкерлер мен жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар 5-30 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге мәжбүрленді.

 

Жеңіс Ермұқанов