Облыс әкімінің Шал ақын ауданына жұмыс сапары

Билік

14:28 1 Наурыз 2013

Ең алдымен облыс әкімі Ысқақ Ыбырай ауылындағы «Альбина» шаруа қожалығына соқты. Бұл – аудандағы сауын сиыр ұстайтын жалғыз шаруашылық. 200-ге тарта малдың жартысына жуығы сауылады. Биыл қожалық мал басын көбейтуді жоспарлап отыр.
Өңір жетекшісі Қаратал ауылындағы орта мектепке де ат басын тіреді. Ескірген ғимаратта 100-ге жуық оқушы екі ауысымда оқиды екен. Кабинеттер жетіспейді, спортзал жоқ. Мұнда көптен бері күрделі жөндеу жұмыстары жасалмаған.
“Балдаурен” шағын орталығының да жағдайы мәз емес. Ғимарат тар. Ал, кезекте тұрған бүлдіршіндердің саны жылдан жылға артуда. Шағын орталыққа лайық ғимарат бар, бірақ оны қалыпқа келтіруге 24 миллион теңге қажет. Аймақ басшысы бұл мәселелерді бақылауға алды. Ауданға   жұмыс сапары барысында Самат Ескендіров «Нұр Отан» халықтың демократиялық партиясының аудандық филиалында тұрғындарды қабылдады.

Борис Михайлов, «КАЗВОДХОЗ» РМК бөлім бастығы:

-Қорғантас ауылы тұрғындарының барлығы дерлік мал ұстайды. Алайда, бізде жайылым мен шөп өсіруге арналған жер жоқ. Осы мәселе шешілсе.

Самат Ескендіров, «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасы, СҚО  әкімі:

-Әрине, ауылдың гүлденуіне шын мәнінде үлес қосып жатсаңыздар, біздің тарапымыздан қолдау көрсетілетін болады. Көмектесеміз. Кем дегенде сіздерге 150 гектар жер бөліп береміз.

Биыл Сергеев қаласында 250 орынға шақталған емхана пайдалануға берілмек. Осыған орай ауданға медициналық қызметкерлер келеді деп күтілуде. Алайда, оларға арналған баспана жоқ. Аудандық орталық аурухананың бөлім меңгерушісі Айнагүл Асылбекова осы мәселені шешіп беруді өтінді.

Самат Ескендіров, «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

Баспана жайында алаңдамаңыз. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Облыс тарапынан қолдау көрсетілетін болады. Оның үстіне аудан орталығында иесіз қалған үйлер де жетерлік. Бір шешімі табылады. Бұл тапсырмаларды орындауды аудан әкіміне жүктеймін.

Кейін облыс әкімі Самат Ескендіров аудан активімен кездесті. Жиында Шал ақын ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы сөз болды. Бұл сала ауданда біраз ақсап тұрған көрінеді. Өйткені, олар тоғыз көрсеткіш бойынша 3 жыл бойы көш соңында.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

Ауданда құрылыс саласы ақсап тұр. Негізгі капиталға инвестиция құйылмайды. Қазынаға салық төленбейді. Халықтың өзге аймақтарға көшуі артқан. Таза ауыз су мәселесі өткір тұр. Туу көрсеткіші төмен, өлім керісінше артқан. Оқушылардың саны аз. Олардың жазғы демалыстарын ұйымдастыру да шалағай болып отыр. Қылмыс саны да өскен.

Ауданда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жобасы мүлдем жүзеге асырылмаған. Шағын және орта бизнес саласы да көңіл көншітерлік деңгейде емес. Индустрияландыру картасы аясында еш шаруа атқарылмапты. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы тиісті деңгейде орындалмаған.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

Жұмысшылардың жалақысы төмен. “Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы шеңберінде тұрғызылып жатқан үйлердің құрылыс қарқыны баяу. Мемлекет тарапынан қойылған тапсырмалардың ешқайсысы оңтайлы жүзеге аспаған. Ауыл тұрғындарын шағын несиемен қамту жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмейді. Экономика басқармасы осы мәселені қарастырсын. Аудан әкімі барлық мәселелерді қатаң бақылауға алуы қажет.

Жиын соңында Самат Ескендіров аудан басшылығына бірқатар міндеттер жүктеді.

Материалды «Қазақстан-Петропавл» арнасының тілшілері әзірледі