Құқық қорғау органдары

Прокурорлар «Шенеунік және кәсіпкер» акциясын қорытындылады

Прокурорлар қызметінің басым бағыттарының бірі – кәсіпкерлікті қорғау. Бұл жұмысты тиімдірек жүргізу үшін «Шенеунік және кәсіпкер» акциясы ұйымдастырылады. Биылғы жыл басталмай жатып, кәсіпкерлер құқығын бұзудың 10 жайты тіркелді дейді прокурорлар. 

Самат Темірбаев, СҚО прокуратурасы әлеуметтік-экономикалық саланың заңдылығын қадағалау басқармасының аға прокуроры:
-Кәсіпкерлердің шағымдары бойынша жедел топ 10 өтінішті тексерді. Оның 5-уі расталып отыр. Нәтижесінде 5 тұлға жауапкершілікке тартылды. 15 кәсіпкердің құқықтарын бұзуға жол берілмеді.

Ең сорақы заңбұзушылықтар ішінде жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласуы болып табылады. Кейбір аудандарда олар жеке іс иелеріне заңсыз тапсырмалар жүктеген.

Самат Темірбаев, СҚО прокуратурасы әлеуметтік-экономикалық саланың заңдылығын қадағалау басқармасының аға прокуроры:
-Мәселен, Шал ақын аудандық ішкі істер бөлімі барлық
серіктестіктер, шаруа қожалықтары мен дүкендердің иелеріне заңсыз тапсырма берген. 30 күннің ішінде орындамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартпақ болыпты. Есіл ауданында да кәсіпкерлерді аудан орталығының көшелерін қардан тазалауға міндеттеген.

Кінәлілер жауапқа тартылды. Енді мұндай жағдай қайталанбайды деп сендіріп отыр олар. Сондай-ақ кәсіпкерлер өз мәселелерімен «Атамекен одағы» Ұлттық экономикалық палатасының облыстық филиалына да жүгінетін көрінеді.

Елена Виссарова, «Атамекен одағы» Ұлттық экономикалық палатасының СҚО филиалының директоры:
-Бізге, әсіресе, шағын кәсіпкерлік субъектілері жүгінеді.
Өйткені оларда арнайы мамандар аз. Сауалдар негізінен нысанды электрмен қамтуға байланысты. Бірнеше жыл бойы электр көзіне қосыла алмайтындар да бар.

Жиында аталмыш мәселелерді түбегейлі жоюға байланысты ұсыныстар айтылды.

Инеш Шоқақова