Қоғам

Тәртіптік кеңестің кезекті отырысы


 

Тәртіптік кеңестің кезекті отырысында алдымен Петропавл қалалық №2 орта мектебінде жіберілген заңбұзушылық қаралды. Жалпыға бірдей білім беру ошағының директоры Людмила Буйнова қоластындағыларына заңсыз түрде сыйақы тағайындады деп айыпталып отыр.

Қонысбек Ыбыраев, Петропавл қаласының прокуроры:
– Тексеріс анықтағандай директор тәртіптік жауапқа тартылған 3 қызметкеріне сыйақы берген. Енді бір ұстаздың жұмысқа тұрғанына 1 ай да болмапты. Сынақ мерзімі өтпесе де өзгелермен қатар сыйақы алды. Мектеп директоры өзіне де осындай материалдық қолдау жасау туралы құжатқа қол қойып отырған. Жұмыс орнында болмаған кейбір қызметкерлердің еңбекақысы жүріп отырған.  

Қызметтік бабын асыра пайдаланып, жемқорлыққа жол берген Людмила Буйнова тәртіптік кеңестің отырысына денсаулығына байланысты келе алмапты. Десе де кеңес мүшелері заңға қайшы әрекет жасаған мектеп басшысын орнынан босатуды ұсынды. Шешім бірауыздан қолдау тапты. Айыртау, Тимирязев және Уәлиханов аудандарының құрылыс бөлімдері бастықтарының бәрі бірдей қателікке жол берген. Аудан орталықтарында «Жұмыспен қамту- 2020» бағдарламасы аясында салынып жатқан үйлерді тапсыру мерзімі ұзартылған. Алайда жаңа келісімде мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес мердігерлерге байқау жарияланбапты. Өрескел заңбұзушылыққа жол берген мемлекеттік қызметшілердің барлығы лауазымды қызметтерінен босатылды.

Тілеген Қаскин, ҚР мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттігінің СҚО бойынша басқармасының бастығы:
Соңғы уақытта құрылыс саласында заң бұзушылықтар жиілеп кетті. Дені бірдей қателіктерге бой алдырады. Өзгелердің сәтсіз тәжірибесінен сабақ алынбайтын көрінеді. Бұл ретте құрылыс басқармасына тиісті шараларды қолға алу керек.  

Ғ. Мүсрепов ауданындағы Нежинка елді мекеніне таза ауыз су тарту үшін республикалық қазынадан 111 млн. теңге бөлінген. Маңызды іс тындырылып, қаражат толығымен игерілді. Алайда 2 мыңнан артық ауыл тұрғынына тіршілік көзі әлі жетпепті. Олар асқа бұрынғыдай құдық суын пайдалануға мәжбүр.

 Мамырбек Шамшетов, Ғ.Мүсірепов аудандық құрылыс бөлімінің бастығы:
– Жоспар толығымен орындалды. Бар гәп – ауылдың өзіндегі тарату құбырларының әбден тозғандығында. Оларды жаңарту «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында келесі жылға жоспарланған. Ондағы су шаруашылығы бұл істі биыл бастауға келіспей отыр. Өзара түсіністік таба алмай қойдық.  

Жүктелген шаруаны аяғына дейін жеткізбеген аудандық құрылыс бөлімінің бастығына лауазымына сәйкес келмейді деген ескерту жасалды. Жалпы бұл жолы тәртіптік кеңесте жемқорлыққа қатысты 8 сұрақ қаралды. Кеңес мүшелері әлеуметтік зұлымдықтың тамырына балта шабу үшін алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.

Жеңіс Ермұқанов