Көлік және жолдар

Көктайғаққа қарсы шаралар мардымсыз

31 бағыттағы автобустың жүргізушісі Валерий Гамаюнов күнұзаққа тұрғындарды тасымалдайды. Көшеде көктайғақ, аялдамалардың маңы тіпті қауіпті. Автобустар мұзға тайғанап, әрең тоқтайды. 30 жылдық жұмыс өтілі бар қоғамдық көлік жүргізушісі коммуналдық кәсіпорындардың жұмысына көңілім толмайды дейді. Автобусқа отыруға жанталасқан жолаушылар дөңгелектің астына түсіп қалуы мүмкін. 

Валерий Гамаюнов, 31-бағыттағы автобустың жүргізушісі:
Біз аялдамаға әрең тоқтаймыз. Ал, тұрғындар автобусқа мінерде аяғы тайып құлап жатады. Кей аялдамалардың жанына құм да сеппейді. Бұл бізді қатты алаңдатады. Өйткені, автобустың доңғалағы тайып кетсе, апатты жағдай орын алуы мүмкін. Себебі, аялдамаға бір емес, бірнеше автобус қатарынан келіп тоқтайды.

Валерий Гамаюновтың пікірімен 25 бағыттағы автобустың жүргізушісі Александр Суслов та келісіп отыр.

Александр Суслов, 25 А бағытындағы автобустың жүргізушісі:
Осы жұмыспен айналысатын кәсіпорындардың ісіне көңілім толмайды. Істерін дер кезінде атқармайды. Вокзал маңайына екі-үш рет құм сепкенімен пайдасы жоқ. Көктайғаққа қарсы шараларды жүргізбегендей жалтырап жатады.

Қалыптасқан жағдайға байланысты «СҚО автокөлік одағы» ассоциациясына ағымдағы жылдың басынан 10 адам шағым айтып келген.

Галина Семенова ,«СҚО автокөлік одағы» Ассоциациясының төрайымы:
Тұрғындар автобустар аялдамаларға дер кезінде келмейді деп жиі шағымданады. Бұл жағдайға бізді кінәлі деп те санайды. Ауа райының күрт өзгеруі барлығына қиыншылық тудыруда. Көктайғақ әрі оның үстінен қар жауады. Бұның бәрі автобустың қозғалысына кедергі жасайды. Бір жағынан құм себу жұмыстары да дер кезінде орындалмайды.

Тұрғындардың да ойы осыған саяды. Және кейбірі көктайғаққа қарсы құм себіліп жатқанына сеніңкіремейтін де сияқты. Биыл қар мөлшерден көп түсіп, коммуналдық кәсіпорындарды біраз әбігерге түсірді. Дегенмен олар көктайғаққа қарсы жұмысты дер кезінде орындап жатқандықтарын айтуда. Ол үшін қалалық қазынадан 15 млн теңге де қарастырылып қойыпты. 4 кәсіпорын тайғақ жолдарға тұз аралас құм қоспасын сеуіп жатыр екен.

Сейілжан Тастеміров, Петропавл қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы бөлімінің сектор меңгерушісі:
Қала көшелерін көктайғаққа қарсы материалдармен өңдеу таңғы сағат 4-тен кешкі 8-ге дейін жүргізіледі. Олардың қармағында екі машина бар.

Қаладағы «Коммунхоз» кәсіпорнына 140 мың шаршы метр аумақ бекітіліпті. Бұлар да қолда бар техниканы жұмылдырып, көктайғақпен күресуде.

Антонина Кель, “Коммунхоз” МКК директорының орынбасары:
Біздің кәсіпорынның жұмыс істеп жатқанына көп болған жоқ. Дегенмен өзімізге бекітілген аумақтарға құм сеуіп жатырмыз. Арнайы құмшашқыш машинаның екеуі де жұмылдырылған.

Коммуналдық кәсіпорындар қала орталықтарындағы аялдама, жаяу жүргіншіге арналған жерге және жол қиылыстарына құм сеуіп жатқанымен, кей жерлер назардан тыс қалуда.

Гүлбану Ахметова