Мәдениет

Жаңа кітаптың тұсаукесері

 

 

Осыдан екі жыл бұрын М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де «Солтүстік Қазақстан: өңірдің тарихы, тұлғалар тағдыры» деген атпен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткен болатын. Онда өңіріміздің тарихына қатысты құнды пікірлер мен тарихи деректер көптеп келтірілген. Бүгінде сол жиынға қатысқан тарихшылар мен зерттеуші ғалымдардың мақалалары мен баяндамалары бір жинаққа топтастырылып, кітап ретінде жарық қөріп отыр. Ал бұл істі белгілі заңгер әрі қоғам қайраткері Сабыр Қасымов қолға алған.

Сабыр Қасымов, кітап авторы:
Біздің солтүстік соңғы ғасырларда Қазақстанның басқа өңірлеріне қарағанда, көп өзгерістер, көп отарлық жағдайларға душар болды. Рухани жағынан көп өзгерістер болды.Соған біз енді баға беріп, халықаралық ғылыми концепцияларға келтіріп жаңа тарихты жазуымыз керек. Біраз тұлғалардың істеген істеріне басқаша баға беріліп, кітап қылып шығарып, соның бүгін тұсауын кесейін деп отырмыз.

Бұл еңбек екі тілде жазылған. Онда академик Салық Зиманов, профессор Мәмбет Қойгелдиев, тарихшы Бүркіт Аяғанов сынды белгілі қоғам қайраткерлерінің құнды мақалалары жарияланған. Тәуелсіздікті алған жылдары бірқатар себептермен Қазақстанның солтүстік өңірінің тарихы кешенді түрде зерттелген жоқ. Тарихи оқиғалар, белгілі тұлғалардың есімдері мен жарқын істері көпшіліктің назарынан тыс қалдырылды. Енді оларды өскелең ұрпақтың келесі легі біліп жүретін болады дейді аға буын өкілдері.

Таңат Сүгірбаев, «Асыл мұра» орталығының жетекшісі:
Бұл кітап кімге болсын, тарихшыларға, ең алдымен, мұғалімдерге, ұстаздарға, студенттерге үлкен құрал болайын деп тұр. Өйткені онда көп мәлімет бар. Еліміздің азаттық алуы жолында, тәуелсіздік алуы жолында күрескен бабаларымызды еске алады. Сабыр Қасымовтың еңбегін атауымыз керек. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі заңгер. Бұған дейін де үлкен істер атқарып, кешегі өткен Желтоқсан оқиғасын терең зерттеп, шындығын айтуға көп көмектескен ұлтжанды азамат.

Кездесу барысында кітап авторы келген қонақтарға естелік ретінде бір-бір кітаптан ұсынды.

 
Әспет Әбдірешова