Әр түрлі

Өрттің алдын алуға арналған рейд

 

 

 

 

Үстіміздегі жылдың басында Копай 551 мекен-жайында орналасқан үйде өрт шығып, баспана толығымен жанып кеткен. Төсек тартып жатқан үй иесі темекісін сөндірмей ұйықтап кетіпті. Тілсіз жаудан қорғану қаракетін жасай алмаған мүгедек түтінге тұншығып көз жұмған. Артында қалған жары мен қызы қаңқасы қалған үйдің маңынан жаңасын тұрғызыпты. Алайда енді бой көтерген үйде өрт қауіпсіздігі мүлде сақталмаған. Айталық, мұржасы ағаш төбеге тиіп тұрған пешті пайдалану  өте қауіпті.
Өрт сақшыларының бұл сөзінің жаны бар. Дәл осы себептен жуырда ғана іргедегі  жер үй тілсіз жаудың тұтқынында болған. Адам өмірін алып кеткен оқиға Татьяна Кокиковаға сабақ болмаған көрінеді.

Мирас Аменов, Петропавл қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бас инженері:
– Өрт қауіпсіздігі ережелерін ескермейтін осындай жандармен әрдайым кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Биылғы тіркелген өрттің 90 пайызы осындай жеке сектордағы үйлерде орын алды. Қанша ескертсек те ,  құлақ аспайтын жанұялар көп. Ертең бастарына қауіп төнгенде бір-ақ түсінеді. Бұндай келеңсіз оқиғалар біздің тәжірибемізде аз емес.

Копай көшесіндегі 681 үйдің есігін де құтқарушылар жиі қағады екен. Алайда, баспана иесінің де, оның мейманының да төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлерін қарсы алуға мұршалары жоқ. Бәрі удай мас. 3 жыл бұрын осы үйде болған құтқарушылар бірқатар ескертулер жасаған. Бірақ оны елеп жатқан ешкімді байқамадық. Отпен ойнаған 36 жасар үй иесінің әбден тозған оқшауланбаған электр желілері де өзгеріссіз баяғы күйінде ілініп тұр. Құтқарушылардың ескертулеріне құлақ аспақ түгіл ішімдіктің буына қызып алған көңілді отырысқа қатысушылар екі сөздің басын қоса алмады. Жалпы Копай ауданында осындай әл-ауқаттары төмен жанұялар көп дейді өрт сөндірушілер. Сондықтан қауырт маусым басталғалы құтқарушылар әр отбасын аралап, өрттің алдын алу шараларын түсіндіріп, үнпарақтар таратып жүр.

Аслан Ахмеджанов, Петропавл қалалық төтенше жағдайлар департаментінің инженері:
– Көбіне қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмайды. Қыс уақытында әсіресе пештің дұрыс салынбауынан өрт болады. Аралаған үйлердің  98 пайызында пеш құрылысы талапқа сай емес. Жасанды жылыту құралдарын пайдалану да өте қауіпті. Электр желілері оқшауланбайды. Балалалар қараусыз қалып, өрт шығып жатады.

Биыл облыс орталығында 11 млн теңгенің шығынын әкелген 187 өрт оқиғасы тіркеліпті. Оның салдарынан 20 адам тілсіз жаудың құрбаны болды.

Жеңіс Ермұқанов