Спорт

«Қазақстан барысы» сайысына әзірлік

 

 

 

Қазақ күресіне күш жетілдіретін спорт және қорғанудың ұлттық өнері деген анықтама бекерден берілмеген. Күрестің бұл түрі бойынша алғашқы ірі жарыс осыдан 75 жыл бұрын өтіпті. Содан бері додалар еліміздің әр аймағында дәстүрлі түрде ұйымдастырылуда. Өңірімізде де аталмыш спортты дамытуға көңіл бөлінеді. Бұған өткен жылы ұйымдастырылған «Қызылжар барысы» атты сайыс дәлел. Онда жеңімпаз атанған 2 спортшы республикалық «Қазақстан барысы» жарысында бақтарын сынап көрді. Биыл жаңа іріктеу басталмақ.

Азат Омаров, СҚО туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары:
– Жарыс 4 жас ерекшелігі бойынша өтеді. Ауылдағы спортшылардың да жарыстан тыс қалмауына көңіл бөлінеді. Сайыстың ауылдық кезеңдері- ақпанда, аудандық және қалалық тур – наурызда және облыстық турнир сәуір айының соңында өтетін болады.  

Яғни, балуандар үшін ең маңызды дода – «Қазақстан барысы» 4 кезеңде өтпек. Республикалық кезеңге тек жасы 18-ден асқан спортшылар жолдама алатын болады. Жарысты ұйымдастыруға биыл нұротандықтар да атсалысатын көрінеді.

Арман Бердағұлов, «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасының орынбасары:
– Доданың жоғары деңгейде өтуі үшін бар күшімізді салмақпыз. Қазірден бастап дайындық жұмыстары жүргізілуде. Біздің мақсатымыз – салауатты өмір салтын қолдау.  

Жарысқа қатысушының әрқайсысында арнайы форма болуы шарт. Облыстық турнирде жеңімпаз атанған 2 балуан ел көлемінде өңір намысын қорғамақ. Сондықтан жарысты ұйымдастырушыларға қойылар талап қатал.

Есләмбек Бекмұрзин, СҚО қазақ күресі федерациясының атқарушы директоры:
– Жергілікті жерде ұйымдастыру оңай емес. Былтыр кейбір ауылдарда өтті деген қағаз келсе де, өтпегенін білеміз. Биыл талап қатты болады. Міндетті түрде өткізу керек. 3-4 округ бірігіп те өткізуге болады.  

Түйе балуандар арасындағы сайыстың ақтық кезеңі 30-шы маусымда өтеді. Өткен жылы жеңімпаз «Қазақстан барысы» атағымен қоса 150 мың АҚШ долларын еншілеген. Сондықтан бұл мүмкіндікті қалт жібермеу әр балуанның мақсаты.

Инеш Шоқақова