Спорт

Кикбоксшылар сайысы

 

Ел кикбоксшыларының 16 жұбы ғана ақтық сынға өтіп, күш сынасты. Былғары қолғап шеберлері жеңісті қолдан бермейміз деп, рингке белді бекем буып шыққан. Үміт артқан жергілікті спортшылар жаттықтырушыларының сенімін ақтай білді. Солардың бірі – жергілікті спортшы Болат Жасұзақ. Болаттың салмағында өнер көрсететін спортшылар болмағандықтан, ол бірден ақтық сынға жолдама алды. Финалда Болат Ғ.Мүсірепов ауданының кикбоксшысы Павел Миллермен күш сынасты. Берілген 3 раундтың алғашқы жекпе-жегінде-ақ, Болат Жасұзақ өзінің қарсыласын нокаутпен жеңді. Сөйтіп, ол өзінің 51 кг салмақ дәрежесінде чемпион атанды.

Болат Жасұзақ, республикалық турнирдің чемпионы, Петропавл қаласы:
– Мен бірінші орын алдым. Финалға бірінші рет шықтым. Спорт шеберіне үміткермін. Менің қарсыласым мықты болды. Бірақ, мен де осал емес едім. Бәріне дайын болдым.

Ал, 71 келі салмақ дәрежесіндегі петропавлдық Николай Логинов ақтық сында Ғ.Мүсірепов ауданының спортшысы Александр Шараповпен шықты. Николай өзінің қарсыласынан әлдеқайда мықты болып, бірінші раундта-ақ Александрды тізе бүктірді. Спортшы қарсыласын өзіне берілген мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмады дейді.

Николай Логинов, республикалық турнирдің чемпионы, Петропавл қаласы:
Жекпе-жекке шығардың алдында менде аздап қобалжу болды. Дегенмен, психологиялық тұрғыда дайын болдым. Бұл мен үшін – ең бастысы. Спорттың бұл түріне ден қойғаныма жарты жыл да болған жоқ. Бірақ, нәтижелерім жаман емес.

32 спортшының өнерінен кейін, Омбы қаласының кикбоксшыларымен кәсіптік 3 жекпе-жек өтті. Алғашқы болып рингке халықаралық турнирдің екі дүркін жеңімпазы, кикбокстан ҚР спорт шебері Рауан Смағұлов шықты. Оның қарсыласы ресейлік Абай Жаркенов болды. Бұл жолы спортшыларға 3 емес, 5 раунд берілді. Бірақ біздің кикбоксшыларымызға екі минут та жеткілікті болды. Өйткені, Рауан қарсыласын бірінші жекпе-жекте-ақ нокаутпен жықты.

Рауан Смағұлов, кикбокстан ҚР спорт шебері, республикалық турнирдің чемпионы, Петропавл қаласы:
Мен дайындығымды бірнеше рет пысықтадым. Өйткені, қарсыластарымның кім болатынын білген жоқпын. Омбылық спортшыны тынымсыз дайындығымның арқасында жеңдім. Қарсыласымның күші мықты, бірақ, техникасы әлсіз.

Екінші кездесуді омбылық спортшы Вадим Козлов павлодарлық кикбоксшы Ерсайын Қасамбаевпен өткізді. Ерсайын да қарсыласын бірінші раундта-ақ нокаутпен жеңді. Соңғы кәсіптік жекпе-жекті халықаралық спорт шебері Саян Жақыпов пен омбылық Сергей Дербенев аяқтады. Бұл жолы да келген қонақтар бас жүлдені қанжығасына байлай алмады. Павлодарлық Саян қарсыласын 4 минуттың ішінде есеңгіретіп тастады.

Саян Жақыпов, республикалық турнирдің чемпионы, Павлодар қаласы:
Бүгінгі жекпе-жек тартысты өтті. Омбыдан келген қарсыласымның дайындығы нашарлау болды. Бұған дейін Азия чемпионатында жеңіске жетіп едім.

Сергей Дербенев, республикалық турнирдің күміс жүлдегері, Омбы қаласы:
Жекпе-жек жақсы өтті. Қарсыласым мен ойлағаннан да мықты болды. Және дәрежесі де әлдеқайда жоғары. Дегенмен, осындай спортшылардан тәжірибе алған біз үшін өте жақсы.

Осылайша, спортшыларымыз намысты қолдан бермеді. Байрақты додада “Солтүстік Қазақстан кубогы” ел спортшыларының қоржынында қалды.

Гүлбану Ахметова