Павел Головин үшін көпқабатты үйдің шатырына шығып, оны мұз сүңгілерінен тазарту үйреншікті жағдайға айналды. Бұл кәсіппен шұғылданып жүргеніне 5-ші жыл. Қызметі қиын болғанымен, өзіне ұнайтын көрінеді. Жүктелген міндеттерді әріптестерімен бірге жұмыс жүйесін құру арқылы орындайды.
Бұл альпинистер шатырды сүңгілерден ғана емес, қардан да тазартумен айналысады. Биыл қардың мол түсуіне байланысты тұрғындар тарапынан түскен тапсырыстар да ұлғайыпты.
Дулат Айсин, «Северная высота» ЖШС директоры:
–Биылғы қыс қарға сараң болмады. Сондықтан біз үшін жұмыс та көбейді. Әсіресе, зейнеткерлерден тапсырыс көп түседі. Жаңадан салынған үйлердің төбелерінде қар көп болады.
Төбедегі қарды бүгіннен тазалауға кірісу қажет дейді мамандар. Өйткені күн жылыған кезде ол еріп, шатырдың шетінде мұз болып қатып қалады. Кейін бұл сүңгілер адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Сергей Худяков, Петропавл қ. ПИК ассоциациясының төрағасы:
-Жеке пәтер иелері кооперативінің төрағалары тұрғындардан ақша жиып, шатырдағы қарды және мұзды тазалаумен айналысатын кәсіпорындардың қызметін пайдалануы қажет. Бұл іске коммуналдық қызметкерлер емес,тұрғындардың өздері жауапты.
Көктемнің шуақты күндерінің келуіне де аз-ақ қалды. Ал кей баспаналардың тұрғындары болса шатырларын қардан тазартуға асықпайтын көрінеді.
Павел Головин, «Северная высота» ЖШС өндірістік альпинизм жөніндегі нұсқаушысы:
-Ең алдымен жұмыс көлемін анықтап, жан-жақты бақылаймыз. Жұмыс істейтін жерімізді қоршауға аламыз. Төбедегі мұздардың жерге құламауы үшін берік матамен орап, абайлап жерге түсіреміз.
Айдана Демесінова