Бизнес және экономика

Бизнесті дамытуға септесетін тың жоба әзірленді



 

 

Бүгінгі заманды ақпараттық-коммуникациялық технологияларсыз елестету мүмкін емес. Кәсіпорындар, зауыттар да өз жұмыстарына автоматтандыру жүйесін енгізіп келеді. Қазақстандық программистер заман талабына сай бизнес-диалог алаңын құрыпты. Бұл жобаны жасауға 3 жылдай уақыт кеткен. Кездесуге келгендердің назарына осы жаңашылдық ұсынылып отыр. Мұнда мемлекет пен бизнес қауымдастығы арасындағы диалог алаңының тиімділігі айтылуда. Жаңа жүйенің арқасында мемлекетке өз жобасын ұсынатын кәсіпкерлердің уақыты үнемделмек. Бұл тұтынушыларға да ыңғайлы дейді жобаның авторлары. Интернеттегі осы жұмыс кабинеті арқылы мемлекет, бизнесмендер және қарапайым халық кез келген уақытта байланысқа шығып, пікір алмаса алады екен. Бұл кәсіпкерлердің өзара әріптестік құруына да жол ашпақ.

Асқар Башеев «BenchMark Consulting» ЖШС бас директоры:
-Біз кәсіпкерлердің уақытын үнемдейтін жоба ұсынып отырмыз. Елбасымыз жолдауында мемлекет бизнес қауымдастығымен байланыстың жаңа жүйесін құру қажет екендігін айтқан. Біздің жаңашылдығымыз осыған қатысты. Осы диалог алаңында көрсетілетін қызмет туралы, инновациялар, ендіріліп жатқан технологиялар, отандық жеткізушілер ұсынатын тауарлар, жұмыстар және қызметтер туралы мәліметтер беріледі.

Бұл диалог алаңында жұмыс кабинеті бар кәсіпорын иелері өз тауарларын осы жерге тізе алады. Ал тұтынушылар өзіне қажетті өнімді интернет арқылы сатып алу мүмкіндігіне ие болмақ. Әрі оның сапасына алаңдамайтын болады.Солтүстікқазақстандық іскер жандар жаңа жобаға қызығушылық танытты.

Қайрат Бекенов, СҚО әкімінің орынбасары:
Азаматтар Үкімет порталында, облыстық әкімдіктің, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының порталында да мұндай ақпаратты алуға болады. Алайда сіздер ұсынып отырған жоба да жаман емес деп ойлаймын. Өйткені бір-бірімен он-лайн режимінде араласып, пікірлерін білдіруге мүмкіндік бар.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры Александр Тукачев жобаны қолдап отыр. Әрі өзі де бірқатар ұсыныс жасады.

Александр Тукачев, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры:

-ЖОО аяқтаған студенттер үшін жеңілдіктер қарастыру керек деп ойлаймын. Мәселен білім беру, бизнес-аналитик сияқты қызметтер жастар үшін тегін болса екен. Осы компаниямен біздің университетіміз арасында меморандумға қол қойып, тегін білім беру платформасын құруды жоспарлап отырмыз. Осылайша біздің студенттерімізге де бизнесті оқытсақ жақсы болар еді.

Жобаны құрушылардың айтуы бойынша, бұл жаңашылдық қазақстандық өнімдердің бәсекелестікке қабілеттілігін арттырып, шығынды азайтады.

Айдана Демесінова