Балалар

Жетімдер қатары біршама кеміді


 

Балалар құқығын қорғау департаменті жұмысының басым бағыттарының бірі – интернаттық мекемелердегі балалардың санын азайту. Өйткені әр бала жанұялық жағдайда өмір сүруге құқылы. Бұл үшін балалардың саны шектелген арнайы үлгідегі мекемелер пайда болуда. Сондай-ақ бүлдіршіндерді  асырап алуға ниетті жерлестеріміздің саны артыпты.

Виктор Литвиненко, СҚО бойынша балалар құқықығын қорғау департаментінің директоры:
2011 жылы интернаттық мекемелердегі балалардың саны – 699, ал өткен жылы 662 болды. Бұл үлкен көрсеткіш емес, әрине. Бірақ 1 балаға отбасын табудың өзі нәтиже деп ойлаймыз. Ол үшін түрлі бағдарламалар ұйымдастырамыз. «Қуан сәби» мерекесін өткізудің арқасында 219 бала жанұяға бекітілді. Яғни олар демалыстары мен бос уақыттарын сол отбасында өткізе алады.  

Департамент жанында «Әкелер мектебі», «Отбасы ошағы», «Мейірімділік әлемі» клубтары да жұмыс істейді.

Виктор Литвиненко, СҚО бойынша балалар құқығын қорғау департаментінің директоры:
Сондай-ақ облысымызда рухани білім беру мектептері құрылды. Мұндай тәжірибе республика бойынша алғаш рет біздің өңірімізде қолданылып отыр. Былтыр мұндай бағдарламамен 2 мектеп жұмыс істеген. Биыл тағы 4-уі қосылды.

Бұл тұста аудандар да белсенділік таныта бастапты. Сондай-ақ балалар құқығын қорғау департаментінде сенім телефондары да жұмыс істейді. Өткен жылы мамандар 61 қоңырау қабылдапты. Қойылатын сауалдар сан түрлі.

Орал Сеңкібаева, СҚО бойынша балалар құқығын қорғау департаментінің бөлім бастығы:
Негізгі сұрақтар : жетім балалардың қайырымдылық көмек алу мәселелері, уақытында берілуі, берілмеуі.

Барлығы өңірімізде 145 мың 608 бала бар. Олардың әрқайсының денсаулығы, білім алуы, тәрбиесін назардан тыс қалдырмауымыз қажет дейді мамандар.

Инеш Шоқақова