ТКШ

«ТКШ жаңғырту» бағдарламасындағы өзгерістер



 

Ольга Иващенко – Мир көшесіндегі 8 пәтерлі 94-ші үйдің байырғы тұрғыны. Баспана 62 жыл бұрын салынған. Ғимараттың ескі екені көзге бірден байқалады, есесіне біраз шөгіп, қабырғалары да жұқарып қалған екен. Балалық шағы осында өткен Ольга Иващенко үшін бұл үй аса қымбат. Сол себепті, ол баспананы жаңғырту бағдарламасына көп ойланбастан келіскен.

Ольга Иващенко, үй тұрғыны:

-Үйіміздің шатыры тесік болған соң, жиі су өтетін. Аталған бағдарламаны естіп, қуанып қалдық. Жігіттер қалпына келтіріп жатыр, сапасы мықты болады деген сенімдемін. Жалпы, жоба құны 18 млн теңге деп бағаланған. Бұл соманы барлық тұрғындар 15 жылға өзара бөліп алып төлейміз.

Жөндеумен құрылыс саласында 3 жыл жүрген мердігер айналысып жатыр. Қалпына келтіру жұмысы ағымдағы жылғы қаңтардың 25-нде басталыпты. Осы уақыт аралығында біраз істің басын қайырып үлгердік дейді серіктестік шебері Дмитрий Згура.

Дмитрий Згура, шебер:

-Келгенде үйдің ағаштан жасалған қабырғасының әбден шірігенін көрдік. Оның керек жерін ауыстырдық. Сыртынан арнайы жылу мақтасымен қаптап шықтық. Одан пленкамен, сосын металлосайдингпен жабамыз. Ал, шатырға металлочерепица төседік. Әлі іргетасын жылытып, үстінен қосымша бетон құямыз.

Осыдан кейін құрылысшылар подъездің ішіне ойысады. “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы аясында өткен жылы қалада 50-ге жуық баспана жөнделген. Енді  биылдан бастап жоба шарттары өзгерді.

Сергей Худяков, пәтер иелері кооперативі қауымдастығының төрағасы:

-Бұрын мемлекет шығынды толығымен өтесе, енді 97 пайызын төлейді. Ал тұрғындар барлық соманың 3 пайызын жинауы қажет. Алдағы уақытта жинақтау мөлшерлемесі өсіп отырады.

Сонымен, үйдегі қалпына келтіру жұмыстары сәуір айының соңында ақталуы тиіс. Құрылысшылар өздерінің жұмысына 3 жылға кепілдік беріп отыр. Егер жөндеу шын мәнісінде  сапалы болса, жарты ғасырдан астам тұрған баспана әлі біраз жасайды.

Данаш Хамзина