Түнгі сағат бір шамасында жұмыстан үйге қайтып келе жатқан облыс орталығының тұрғынын белгісіз біреу тонап кеткен. Қарақшы оның әмиянін тартып алған. Жапа шегуші бірден жақын маңдағы кезекшілікте жүрген тәртіп сақшысының көмегіне жүгінген. Жедел бақылау орталығымен байланыстыратын камералардың біріне қылмыс жасалған ауданда шапшаң жүріп келе жатқан адам түсіп қалады. Күдік расталды. Ұсталған шабуыл жасап, оқиға орнынан ізін суытқан сезікті болып шықты.
Саят Кұжабаев, Петропавл қалалық ІІБ қызметкері:
– Азамат полицейлерге қарсылық көрсетті. Орын алған қылмысқа қатысым жоқ деп ақталуға тырысты. Біз жедел тергеу тобын шақырттық. Сезікті қалалық ішкі істер басқармасына жеткізілді.
Ұсталған Тайынша ауданының тұрғыны болып шықты. Удай мас 21 жасар азамат қылмысқа не себепті барғанын түсіндіре алмады.
Араға бір тәулік салып енді бір тонау фактісі тіркелді. Бұл жолы жәбірленушінің өзі араққа сылқия тойып алған. Бұны екі жас азамат пайдаланып қалмақшы болыпты. Көздері түскен адамды соққының астына алып, ұялы телефонын қолды еткен. Біреудің мүлкіне қол сұғып қашып бара жатқан екі жігітті патрульдік полиция тоқтатты. Оның бірі қалалық колледждің студенті болса, сыбайласы кәмелет жасына да жетпеген екен. Соңғысы облыс орталығында өтіп жатқан спорттық додаға Шал ақын ауданының намысын арқалап келіпті. Бұл факті бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Студент ешқайда кетпеу туралы қолхатпен, ал оқушы ата-аналарының кепілдігімен босатылды.
Жеңіс Ермұқанов