Спорт

“Спешиал Олимпикс” ойындарында жерлестеріміздің бағы жанды

 

 

Теміржол вокзалының перронында қуанышты қарбалыс. Қарсы алушылар тағатсыздана күткен Алматы-Петропавл бағытындағы поезд аламан бәйгеде ерлей білген жолаушыларды туған жеріне жеткізді. Евгений Рудницкий жарымжан жандар арасындағы қысқы олимпиадада топ жарып әнұранымызды әуелетіп, көк байрағымызды биікте желбіреттті.

Евгений Рудницкий, шаңғыдан “Спешиал Олимпикс” ойындарының жеңімпазы:
– 500 метрлік қашықтықта бар қарсыластан суырылып алға шықтым. Басымдылықты мәреге дейін сақтап, алтыннан алқа асындым. Ел намысын ақтағаныма қуаныштымын.  

Солтүстікқазақстанның топырағы түлеткен Юлия Ломкина да жарты шақырымға шаңғымен сырғып, әлемдік тартыстың күміс жүлдесін қанжығасына байлады.

Юлия Ломкина, шаңғыдан “Спешиал Олимпикс” ойындарының жүлдегері:
-Өте қиын болды деп айта алмаймын. Жақсылап дайындалдық. Өзім үшін 4 минут жақсы көрсеткіш.

Тағы бір жерлесіміз Иван Острицов  Ұлттық құрама қоржынына екі бірдей алқа салды. 500 метрлік және 1 шақырымдық қос сында үздік үштікті тұйықтады.

Иван Острицов, шаңғыдан “Спешиал Олимпикс” ойындарының жүлдегері:
– Екеу түгіл бір алқа еншілеймін деп те ойламадым. Қатты қобалжыдым. Кейін өзімді қолға ала білдім.  

Марина Чумаченкоға Иванның жетістігін қайталауға бір қадам жетпей қалды. Шаңғышы жарысты 4-ші болып аяқтады.

Марина Чумаченко, “Спешиал Олимпикс” ойындарының қатысушысы:
– Сәл сәттілік пен шеберлік жетпеді. Келесі жолы тәжірибе жинақтап, тек жеңіс тұғырынан көрінуге тырысамын.   

Жалпы 7 құрлықтың басын қосқан ғаламдық тартыста 3 мыңнан артық сайыскер жеңістен дәмелі болған. Оның тек 28- сі қазақстандық. Сөйте тұра Ұлттық құрама сапындағылар елге 13 алтын, 7 күміс, 8 қола алқамен оралды.

Марина Бугреева, СҚО брйынша “Спешиал Олимпикс” спорт мектебінің директоры:
– Өңірімізден аттанғандардың барлығы коррекциялық мектеп-интернат оқушылары. Өте алғыр, алған бағытынан қайтпайтын өжет тәрбиеленушілер қатарында. Бапкерлерін марқайтып, еңбегімізді ақтайтындарына кәміл сендік.  

Ел абыройын асқақтатқан ұл-қыздар наурыз айында Петропавлда өтетін ҚР чемпионатында мықтылықтарын тағы паш етуге тырысатын болады.

 

Жеңіс Ермұқанов