Қырғызстанда бокстан өткен халықаралық турнирге 7 елден келген 200-ге жуық спортшы қатысқан. Солардың арасында біздің жерлесіміз Игорь Шанин да бар. Игорьмен 91 келі салмақ дәрежесінде 11 боксшы жұдырықтасқан. Солтүстікқазақстандық спорт шеберіне үміткер 4 жекпе-жек өткізіпті. Есесін өзбекстандық боксшыға жіберіп алып, екінші орынды қанағат етті.
Игорь Шанин, спорт шеберіне үміткер:
– Бірінші жекпе-жегім жергілікті спортшымен болды. Оны нокдаунмен жеңдім. Кейінгі қарсыласымның екеуі де қытайлық болды. Олар да менен жеңіліп қалды. Ақтық сында өзбекстандық спортшымен шықтым. Екеуіміз тең дәрежеде қолғап түйістірдік. Бірақ, төрешілер қарсыласым жеңді деп шешті.
Байрақты дода Кеңес Одағының батыры Дуйшенкул Шопоковты еске алу құрметіне ұйымдастырылған. Және жарысқа тек мықты спортшылар жолдама алған.
Ринат Сейітмұхамбетов, жаттықтырушы:
– Менің спортшым жоғары салмақ дәрежесінде қолғап түйістірді. Барлық қарсыластары шет елден келген. Алда көп жаттығып, дайындығымызды пысықтаған соң Игорьдың бағын тағы да сынап көреміз. Ендігі жолы, бірінші орынды қайтсек те жеңіп аламыз.
Спортшы Ресей мен Қазақстанның былғары қолғап шеберлері сынға түсетін үлкен турнирге қатысуды жоспарлап отыр. Бұл сын үлкен жауапкершілікті талап етеді, әрі кәсіпқой ретінде тәжірибесін шыңдайды дейді Игорьдің бапкері.
Гүлбану Ахметова