Қоғам

Үш күн ұялы телефонсыз



 

Үшінші мыңжылдық – ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған кезең. Бүгінгі қоғамды ұялы байланыс құралынсыз елестету мүмкін емес. Қашықтықты талғамайтын қалталы телефон қажеттілікке айналды. Заманауи телефондар тек қоңырау шалып, sms жолдаумен шектелмейді. Оның көмегімен фотосуретке түсуге, видео жазып, үлкен файлдарды көшіруге, ғаламтор желісіне шығуға мүмкіндік бар.

 Инесса Қуанова:
Мобилді телефонға еріксіз тәуелді болдым. Ұмытып кетсем өзімді жаман сезінемін. Музыка тыңдап отырып, “Агент” арқылы жолдастарыммен тілдесемін. Бар жаңалықтардан да телефоннан хабардар боламын. Кез-келген уақытта қалаған адамыма қоңырау шалып, халжағдайын білемін.

“Ұялы байланыссыз ” акциясын естігенде Инессаның көңілі жабырқап қалыпты. Серігіне айналған құрылғыны бірден үш күнге өшіруге дайынсың ба деген сұраққа біраз қынжылды. Ұялы байланысқа жіпсіз байланатынымызды француз жазушысы Фил Марсо сипаттаған. Тіпті бұл тәуелділіктің арнайы термині “адикофония” неологизмін қолданысқа енгізіпті. Көпшілігін қоршаған ортамен байланысын үзіп алатындай қорқыныш сезімі билейді екен.

Павел Моисеев, психолог:
Әсіресе телефонсыз жүрген бір де бір жасөспірімді кезіктірмейсің. Аға буынның да еті үйреніп алған. Арнайы зерттеулеріміз тәуелділіктің тым күшті екендігін көрсетті. Өйткені бар білгенін интернеттен алады. Тіпті үй тапсырмасын телефонның көмегімен орындайды.  

Қайда болса да  үнемі байланыста жүруге дағдыланған солтүстікқазақстандықтардың бастамаға көзқарасы әр қилы. Көбі әдетінен бір сәтке де айырылғысы келмейді.

Үш күн телефонсыз жүруге дайын емеспін. Ағайын-туыс, балаларым, немерелерім бар. Халдарын біліп тұруға керек. Әсіресе жолға шыққанда өте ыңғайлы.
Үйде ұмытып кеткенде, қолсыз қалғандай боламын. Күнделікті жұмысыма қажет. Керегіңді сұрап-білесің.
Үялы телефонсыз, әсіресе интернетсіз бір күн де жүре алмаймын. «Агентке» шығып, жолдастарыммен хабар алмасам. Интернет сабағымды орындауға көмектеседі.  

Бүкіл әлемдік “Ұялы байланыссыз” акциясы 8-ші ақпанға дейін жалғасады.

Жеңіс Ермұқанов