Билік

Қала әкімінің кезекті есепті кездесуі

 

 

 

Былтырғы есептік кездесуге Мүсірепов, Мир, Абай және Әуезов көшелері аумағындағы тұрғындар 20-дан артық көкейкесті мәселелерінің шешімін іздеп келген болатын. Сұраулары қанағатандырылып, барлығының орны толтырылыпты. Шағымдарының көп бөлігі коммуналдық қызметтерге түскен. Қоқыс орнына айналған аумақтар тұрмыстық қалдықтардан арылды. Суағарлар тазаланды. Ескі ағаштар кесіліп, жасыл желектер мен гүл көшеттері отырғызылды. Өңі кеткен аулалар абаттандырылған.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
Астана, Кеншінбаев, Заводская, Володаров көшелері жарықтандырылды. Қапай, Индустриальный, Әуезов көшелері мен Сеной базаға да электр желілері тартылды. Абай, Мир, Жамбыл, Әуезов, Мүсірепов, Шәжімбаев көшелеріндегі жолдар жөнделіп, жаяу жүргіншілерге тротуарлар төселді.  

Қалалық байқаудың қорытындысы бойынша аталмыш аудандардың үш ауласына балалар алаңқайы орнатылыпты. Кала басшысы бұл игі іс биыл да жалғасын табатынын жеткізді. ТКШ жаңғырту мемлекеттік бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдаланып қалуға шақырды. Тұрғындар кезекті жиынға да түйінді мәселелерінің күрмеуін босатуды мақсат етіп келген. Биылда коммуналды қызметтердің жұмысына наразылықтар туындап отыр.

Тамара Терновская, “Светлячок” ПИК төрайымы:
Аулаға енетін жолды бірнеше мәрте қазды. Алдымен “Қызылжар-су”АҚ кейін “Жылу желілері” ЖШС . Құбырларды жөндегендері жақсы әрине. Бірақ қазған жерді тегістемей кетті. Машина түгіл жаяу жүргіншінің ол жерден өтуі екіталай.  

“Петропавл жылу желілері” ЖШС директоры Андрей Калиничев бұл ретте жолды жөндейміз деп уәде берді. Тұрғындардың көпшілігін әсіресе айта-айта жауыр болған балабақша кезегі мазалайды.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
– 8 745 бүлдіршін өз кезегін күтуде. Бүгінде қалалық балдырғандардың 78,4 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. 2012 жылы жаңадан 920 орын ашылды. Биыл да бұл жұмыстар жалғасады. Бюджеттің 56 пайызы білім беру саласына бағытталады. Мәселені оңалту үшін жаңа салынған үйлердің 1 қабаттарын шағын орталыққа орайластыру көзделіп отыр.   

Жолаушылар тасымалы мәселесі де көкейкесті болып тұр. Қызмет сапасымен қатар қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктердің тазалық жағдайы да жолаушылардың көңілінен шықпайды екен. Құрметті демалысқа шыққан жандарды жол ақысы алаңдатады.

Тым болмағанда зейнетақысы төмендерге жолда жүру тегін болса деп сұраймыз. Менің анам 29 мың теңге алады. Денсаулығы сыр бергендіктен ауруханаға жиі барады. Зейнетақы дәрі-дәрмектен қалмайды. 80 асқан аға буын өкілдеріне автобустар тегін. Ол жасқа жетпеген зейнеткерлер қаншама.  

Жиналғандар жеке тұрғын үй салуға ниетті екендіктерін танытты. Алайда құрылысқа жер табу оңай емес.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
Cолнечный кентінде жеке тұрғын үй құрылысына 235 Га жер телімі қарастырылып қойылды. Алайда инженерлік желілерді тартуда мәселелер туындап отыр. Инфрақұрылымға үлкен сома қажет. Қала бюджеті бұған қауқарсыз. Мемлекеттен қолдау сұраймыз. Ал Набережный аумағынан биыл жер телімдері беріле бастайды.   

Жиын соңында облыс орталығының басшысы көтерілген әр мәселе назарсыз қалмайтынына уәде етті.

Жеңіс Ермұқанов