Денсаулық сақтау

Ақпанның 4-і – Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні



 

Елімізде обыр ауруынан жыл сайын 17 мыңға жуық адам көз жұмады. Солтүстік Қазақстан облысы қауіпті ісікке шалдықандардың саны бойынша өткен жылы республикада шығыс өңірден кейін екінші орында тұрса да, қайтыс болу фактісі анағұрлым аз кездеседі. Ендеше біздің өңірде обырды жақсы емдейді деді өз сөзінде облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Ермек Әбдірімов. Қауіпті ісік 50 жастан асқан адамдарда жиі кездесетін көрінеді. Ол көп жағдайда адамның өмір сүру салтына байланысты.

Ермек Әбдірімов, облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері:

-Өкпе обыры – Солтүстік Қазақстан облысында ең жиі кездесетін қауіпті ісік түрі. Өйткені, бізде өзге облыстармен салыстырғанда шылым шегетіндердің саны көп. Сосын, біздің ауа райы суық. Сол себепті, өкпенің суыққа шалдығуы дұрыс емделмеген жағдайда обырға әкеліп соқтырып жатады.

Обыр ауруының 100 түрі болады екен. Кең таралғандары бойынша өңірде скрининг әдісі қолға алынған. Бұл тексеріс шалғайда жатқан ауыл тұрғындарына да тегін қаралып, ауруды дер кезінде ауыздықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, былтырғы скрининг барысында 44 әйелде табылған сүт безінің обыры қазір емделіп жатыр. Өткен жылы облыста скринингтің 3 түрі жүргізілсе, биыл тағы да 3-уі қосылады. Ағымдағы жылы онкологиялық диспансерге қатерлі ісікті диагностикалауға арналған жаңа аппарат жеткізілмек.

Ермек Әбдірімов, облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері:

Мынау – 2006 жылғы құрылғы, сәл ескіріп қалды. Оның орнына су жаңа аппарат әкелінеді. Мұнда зерттеу жұмысын монитордан бақылап отыруға болады. Өте ыңғайлы. Құны 22 млн теңге шамасында.

Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында алдағы уақытта Астанада онкологиялық орталық салынатыны жайлы айтылды. Және 2014 жылдан бастап өңірде жасөспірім қыздарға жатыр мойнының обырына қарсы вакцина егілмекші. Бұл өз кезегінде қауіпті ісікке деген адам иммунитетін күшейтеді.

Данаш Хамзина