Спорт

Хоккейден біріншілік

 

 

Турнирді “Балдырған” мен “Тұлпар” командалары ашты. Екі құрама да жеңістен дәмелі. Былтырғы тартысты додада «Тұлпар» командасы бас жүлдені қанжығасына байлаған болатын. Биыл да осы бағытынан таймақ емес. Махамбет Кушеков бұл команданың қорғаушысы. Ол жеңісті қолдан бермейміз деп отыр.

Махамбет Кушеков, “Тұлпар” балалар мен жасөспірімдер клубының мүшесі:
-Хоккеймен айналысып жүргеніме 2 жыл болды. Біздің команданың жеңіске жететініне сенімдімін.

Қалада жалпы 20 клуб бар. Солардың тек 3-еуі ғана өзара мықтыны анықтауда. Осымен екінші рет өткізіліп отырған қалалық турнирге 14-15 жас аралығындағы балалар қатысуда. Жаттықтырушылар шайбалы хоккей спортына ден қойғандардың қатары да артып келеді дейді.

Дмитрий Белокопытов, жаттықтырушы:
-Мұндай жарыстарды жасөспірімдер арасында жиі өткізіп тұрған жөн. Былтыр бізге қала әкімі 12 хоккейдің формасын сыйға тартқан болатын. Бұрынғысының әбден тозығы жетіп еді. Енді, балалар жаңа формамен хоккей алаңында ойнап жатыр. Және барлығы да жеңіске жету үшін талпынуда.

Тартысты дода ақпан айының соңына дейін жалғаспақ. Сонда үздік команда анықталып, кубок және дипломға ие болады.

 

 Гүлбану Ахметова