Көлік және жолдар

Жол жөндеу: 2012 жыл қорытындысы және жоспар

 

 

 

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 8 мың 998 шақырымды құрайды. Оның 5 мыңнан астамы аудандық жолдар болса, қалғаны – облыстық және республикалық маңыздағы аралықтар. Бүгінде олардың жартысынан артығы жөндеуді қажет етеді. Осы орайда асфальтбетонды және шағылтасты жамылғының шұңқырларын жөндеу, автожолдар мен жол жиегін пішіндеу, автопавильондарды ағартып, жол белгілерін орнату сынды жұмыстарды атқару үшін өткен жылы облыстық және аудандық жолдарға 2 млрд 900 млн теңге қаражат бөлінген.

Ғалым Тасболатов, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының автомобиль жолдарын пайдалану және сапасын бақылау бөлімінің бастығы:
-2012 жылы КТ68 Лавровка – Келлеровка – Тайынша – Чкалов облыстық автомобиль жолында 10 шақырымдық жол қайта қалпына келтірілді. Бұл жұмыс 2010 жылдан бері жалғасуда. Одан басқа Жамбыл ауданында КТ33 автомобиль жолында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Есіл ауданында КТ 29 автомобиль жолында былтыр 5 шақырымы түзетілсе, биыл 3 шақырымын жөндейміз.

Ағымдағы жылы «Еңбекпен қамту-2020» бағдарламасы аясында аудандық көлік жолдарын күтіп ұстау жұмыстарына 490 млн теңге қаржы бөлініпті. Сондай-ақ, осы жобаның көмегімен 273 адамды жұмысқа тарту жоспарланып отыр.

Ғалым Тасболатов, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы автомобиль жолдарын пайдалану және сапасын бақылау бөлімінің бастығы:
-2013 жылға облыстық және аудандық автожолдарды жөндеуге 3 млрд 400 млн теңге жұмсалынбақ. Соның ішінде, 2млрд 500 мыңы республикалық трансферттерді құрайды. Осы қаражатқа 7,7 км қалпына келтіріліп, 25 шақырымына күрделі жөндеу жасаймыз.

Облыс аумағында жыл сайын жоспар бойынша 50-60 шақырым жол жөнделеді.

Әспет Әбдірешова