Қылмыс

Қарызын қайтару үшін автокөлікке оқ атқан



 

Ағымдағы жылдың 27 қаңтарына қараған түні білгісіз біреу Амангелді көшесі бойындағы аулалардың бірінде тұрған «Toyota-Prado» автокөлігіне екі рет оқ атқан. Одан көліктің оң жақ қабырғасына зақым келсе, бытыра оқ жанындағы өзге машиналарға да тиіпті. Оқиға орнынан екі гильза мен бытыра табылды. Темір тұлпар 37 жасар азаматшаға тиесілі. Жәбірленуші жеке кәсіпкер. Жұртқа қарызы бар көрінеді. Оны шағымданушының полиция басқармасына келуі дәлелдей түсті. Бұл жолы көлік иесінің ұялы байланысына үш күн ішінде қарызымды қайтар деген СМС хабарлама жолданыпты. Хат жазушы қала мекемелерінің бірінің 21 жастағы күзетшісі. Тергеу барысында жәбірленуші бұл азаматтан пайызға ақша алып, оны қайтармай жүргені анықталды. Күдіктінің айтуынша, ол борышкер азаматшаға ірі көлемдегі қаржыны еш қолхатсыз берген. Қарызды қайтару жөніндегі ауызша келісімде, соңғы белгіленген дата өткен жылдың 30 желтоқсаны болыпты. Бірақ ол да құрғақ уәде. Сондықтан қаскөй түн ортасында борышкердің аулада тұрған көлігіне оқ жаудырып, кейін таксимен үйіне кетіп қалған.

Маргарита Подолей, Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының аға тергеушісі:

-Аталған факті бойынша ҚР ҚК 178 бабымен қылмыстық іс қозғалып, оған қатысы бар деген күдікпен Петропавл қаласының 21 жасар тұрғыны ұсталған болатын. Қазір ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Қазір істің ақ-қарасы анықталу үстінде. Кімнің сөзі рас – кімдікі өтірік екені содан кейін белгілі болмақ. Өштесуден келген материалдық шығын көлемі 300 мың теңгені құрайды.

Самат Есмағи