Энергетика

Электр энергиясы тәулік мезгілдері бойынша есептелетін болады



 

Дифференциалды тарифтің көмегімен тұрғындардың ақшасы үнемделеді дейді энергетиктер. Мәселен, үйіңізде көптарифті есептеу құрылғысы орнатылса, онда түнгі 23-тен таңғы сағат 7-ге дейін электр энергиясының 1 кВт-ның ақысы 3 теңгеден сәл ғана асады.

Магауия Сағандықов, «Севказэнергосбыт» ЖШС директоры:
-Тұрғындар үшін тәулік екі бөлікке бөлінген. Яғни, түнгі 11 мен таңғы 7 арасындағы жарықтың 1 кВ/сағаты 3,314 теңге болады. Күндіз сағат 7-ден бастап түнгі 11-ге дейін 1 кВ/с 13,695 теңгеден айналады. Ал, заңды тұлғалар үшін тәуліктің 3 бөлігі қарастырылған. Оларға электр энергиясы түнде 3,314 теңгемен, күндіз кешкі 19-ға дейін 11,715 теңге, содан бастап түнгі 23-ке қарай 1кВ/сағаты 30,117 теңгемен есептелінеді.

Бүгінде облыста барлығы 4 мың 977 көптарифті есептеу құрылғысы бар. Жуық арада тағы да 700-і іске қосылуы тиіс. Бір есептеу аппаратын орнату үшін, оған ең алдымен бағдарлама енгізу қажет. Ол үшін шамамен 2-3 апта қажет. Кейбір жағдайда бұдан да аз уақыт жұмсалуы мүмкін.

Елена Оноприенко, “СК РЭК” АҚ есептеу құрылғыларын пайдалану қызметінің бастығы:

-Қазір адамдар құралдарын бағдарламалауға жаппай әкеліп жатыр. Сол себепті, жұмыс қызу. Әрбір тұтынушының арызын жекеше қараймыз. Заңды тұлғалардың өтінішін демалыс күндері де орындауымыз мүмкін.

Сондай-ақ, қаңтардың 1-нен бастап дифференциалды тариф бір адамның пайдаланған жарық көлемі мен электр плиталарын қолдануға байланысты есептелінетін болады.

Данаш Хамзина