Қылмыс

Петропавлда жасырын казино табылды

 

 

33 жасар жігіт өз ісін облыс орталығындағы “Азия” дәмханасында ұйымдастырған. Ол жерден үш ойын столы, 1 рулетка, 2586 фишка мен 300 мың теңгеден астам ақша тәркіленді. Жасырын казино “Азия” дәмханасында ағымдағы жылдың 4 қаңтарында ашылыпты. Шамалы уақыт ішінде клиенттер де жинап үлгерген. Көлеңкелі бизнеске барған азамат болса, дәмхананың жалға алған бөлмесіне айына 650 мың төлеуге келісіпті. Алайда астыртын жұмысы ұзаққа бармады.

Нұрлан Жахин, СҚО экономикалық қылмыспен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз жетекшісі:

-Казинодан үш ойын столы, 1 рулетка, 2,5 мыңнан астам фишка мен 350 мың теңге ақша тәркіленді.

Жасырын түрде жұмыс істегеніне 1 ай болмаса да казинодан түскен пайда аз емес. Күніне қожайын қалтасына шамамен 300 АҚШ доллары түсіп отырған. Залға қойылған ойын столдарының бәрі жұмыс үстінде, яғни клиентсіз емес. Оны қаржы полицейлерінің жедел бейнетүсірілімінен айқын аңғаруға болады. 33 жасар азаматтың бизнестің бұл түрімен шұғылданғанына 15 жыл. Жұмысын Шымкент қаласында орналасқан казинолардың бірінде крупье болып бастаған. Кәсіптің қыр-сырын әбден меңгеріп алған ол артынан өз ісін ашуды ұйғарған. Мақсатына жетті, алайда заңсыз жолмен.

Нұрлан Жахин, СҚО экономикалық қылмыспен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз жетекшісі:

-Қазір істің ақ-қарасы анықталу үстінде.Заңда 1000 айлық есептік көрсеткіштен астам айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Заңның ала жібін аттағандар жазасыз қалмайды. Қаржы полицейлері бұл ретте астыртын казино ашуға қол ұшын берген дәмхана қожайыны да жауаптан құтылмайды дейді. Әр қадамды ойланып басқан абзал.

Самат Есмағи