Қоғам

Ленинград блокадасын бастан кешкен



 

Лариса Умнова 900 тәулікке созылған Ленинград блокадасында қалғандардың бірі. Фашистер қаланы қоршаған кезде 5 жаста болыпты. Сәби күніңнен отандастарыңның жау оғынан, аштан қырылып жатқанын көру нағыз азап дейді ол. Содан бері талай жылдар өтсе де соғыс салған жара әлі жазылған емес. Қасіретті күндер  әлі есінде.

Лариса Умнова:
Соғыс жылдарындағы алғашқы қысында ағаш үйде тұрдық. Отын болмағандықтан 1942 жылы ағаш үйлерді жағу үшін сындыра бастады. Бізді қаланың орталығына көшірді. Жау оқ жаудырғанда қиын болатын. Талай ғимараттар қирады.  

Лариса Сергеевнаның туыстары көп болған екен. Әжесі 12 баласы мен немерелерінің барлығын бір шаңырақ астына жиып, осылайша қара бұлт төнген күндерді бірге өткізген. Ынтымақтың, татулықтың арқасында қиын-қыстау кезеңнен аман шықтық дейді зейнеткер.

 Лариса Умнова:

-Отбасымыз үлкен болды. Барлығымыз соғыстан аман шықтық. Жалғыз ағамыз ғана із-түзсіз жоғалды. Ол фин соғысына қатысқан. Содан оралмады. Ал Ленинград блокадасынан барлығымыз аман қалдық. Өйткені бір-бірімізді қолдап, бір-бірімізге бас-көз болдық.

1959 жылы Лариса Сергеевна болашақ жарымен көңіл қосып, Қазақстанға көшіп келеді. 30 жыл Куйбышев зауытында еңбектенген. 2 баланың анасы бүгінде 2 немере, 1 шөбере сүйіп отыр. Жыл сайын қаңтардың 27-сі  туған- туысқандары, таныстары қарияны құттықтайды екен.

 Айдана Демесінова