Спорт

Спорт басқармасы 2012 жылды қорытындылады



 

Өткен жыл өңіріміздегі спорт саласы үшін айтулы оқиғаларға толы болды. Лондонда өткен олимпиадада жерлес спортшымыз Александр Винокуров ел қоржынына алғашқы болып алтын медаль салды. Осылайша ол тек солтүстікқазақстандықтарды ғана емес, барша елдің төбесін көкке жеткізді. Араға шамалы уақыт салып Винокуровтың жолын қуған тағы бір велошабандозымыз Алексей Луценко әлем чемпионы атанды. Бұл біз үшін үлкен жетістік және зор мақтаныш деді жиынды ашқан туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы.

Руслан Есеналин, СҚО туризм дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы:

-Біз бұдан басқа да жетістіктерімізбен мақтана аламыз. Спорттың қай түрін алып қарасақ та, бағындырған асуларымыз бар. Мұнымен шектеліп қалмауымыз керек. Салауатты өмір салтын дамытуда Елбасы үлкен міндеттер жүктеп олтыр. Соны бірлесе жүзеге асырамыз деп ойлаймын.

Дені сау ұлт – ел болашағы. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев бұқараның 30 пайызын спортқа жұмылдыру керектігін міндеттеген болатын. Тапсырма өңірімізде өткен жылы тиісті деңгейде атқарылды. Мәліметтерге сүйенсек, облыстағы мыңға жуық спорттық ұжымдарда 150 мыңнан астам адам тұрақты түрде спортпен шұғылданған.

Қаржыландыру да жыл санап артып келеді. Былтырғы жылы ол 263 миллион теңгені құрапты. Көзделген мақсат, аталмыш саланың материалдық-техниккалық базасын нығайтып, салауатты өмір салтын одан әрі дамыту. Солтүстік Қазақстан облысы қысқы спорт түрлерін дамытуға қолайлы. Шаңғы мен хоккей спорты аудандарда жақсы жолға қойылған. Алайда облыс орталығында бұл жұмыстар сылбыр.  Былтырғы жылы өңіріміздің 8 спортшысы халықаралық деңгейдегі спорт шебері атағын иеленсе, 156-сы спорт шеберлігіне үміткер болып танылған. Бұған жаттырушылардың сіңірген еңбектері зор. Жиын соңында балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері арасында өткен жылы жарияланған ең үздік спорттық мекеме байқауының қорытындысы шығарылды. Аудандар арасында ақжарлықтар көш басынан көрінсе, қала бойынша бұл атақты көркем гимнастика мектебі иеленді. Жеңімпаздар диплом және қаржылық сертификаттарға ие болды.Тағы бір жағымды жаңалық, салауатты өмір салтын насихаттауда Ғабит Мүсірепов аудандық спорт бөлімі еліміз бойынша ең үздік деп танылған. Мұны теріскей тұрғындарының спортқа деген құлшынысына берілген баға деп түсіну керек.

Самат Есмағи