Құқық қорғау органдары

Сарбаздың тамағы тоқ па?

 

Әскери прокуратураның міндеті – қарулы күштерде заңның сақталуын бақылауда ұстау. Сондықтан қадағалаушы орган үнемі тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Нәтиже бар. Гарнизонда орын алған заңбұзушылықтар өткен жылмен салыстарғанда 53%-ға кеміпті.

Нұрлан Алпысов, Петропавл гарнизонының әскери прокуроры:
Өткен жылы 53 тексеріс жүргіздік. Нәтижесінде 7 қылмыстық іс қозғалды. Оның 4-уі әскери сотқа жіберілсе, 3-уі өндірісте. 6 лауазымды тұлға қызметінен босатылды.

Қылмыстық істердің бірі 6637 әскери бөлімінде орын алған заңбұзушылыққа қатысты. Сарбаздар күнделікті мәзірлерінің нашар екендігіне шағым жасаған. Бұл жайында жабық сауалнама барысында белгілі болыпты. Тексеріс нәтижесінде шағым дәлел тапты дейді прокурорлар. Мәзірдегі сиыр еті мен балықтың орнына әскери борышын өтеушілер олардың консервідегі түрімен тамақтануға мәжбүр болған.

Ермек Тұрсынбаев, Петропавл гарнизоны әскери прокурорының көмекшісі:
5 желтоқсанда 6637 әскери бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалды. ҚР 380 бабы бойынша. Әскери қызметшілерге тиісті тамақтандыру нормалары жеткізілмеді. Қазір қылмыстық іс Қостанай гарнизоны әскери прокуратурасының өндірісінде.

Қазіргі таңда бұл істің мән-жайы анықталып, сараптама жасалуда. Сарбаздардың мәзірін біз де байқап көрдік. Түскі ас тізімінде: қарақұмық қосылған сорпа, салат, ботқа , компот және нан. Алматылық Айбол Қалиев әскерге келгелі 2 жарым келі салмақ та қостым дейді.

Айбол Қалиев, ҚР ІІМ ІӘ 6637 әскери бөлімінің сарбазы:
Тамақ өте тойымды.  Уақытында беріледі. Бұл денсаулыққа да пайдалы.

Прокурорлардың пікірімен әскери бөлім асханасының меңгерушісі де келіспей отыр. 1 сарбаздың тамақтануына күніне 800 теңге жұмсалады дейді ол.

Валентина Захарова, ҚР ІІМ ІӘ 6637 әскери бөлімі асханасының меңгерушісі:
Біз азық-түлікті барлық талаптарға сай береміз. Тиісті қағаздар да бар. Сондықтан айтылған шағымдармен келіспеймін.

Валентина Захарова “Билайф” ЖШС-нің өкілі. Дәл осы фирма әскери бөлімді азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Ас мәзірінің дауы ҚР ІІМ ІӘ әскери институтында да жоқ емес. Қазіргі таңда арнайы тексеріс жүргізілуде.

Инеш Шоқақова