Құқық қорғау органдары

Қала прокурорлары жылды қорытындылады

 

Өткен жылы облыс орталығында 4 мыңнан астам қылмыс тіркеліпті. Қала прокурорларының айтуынша, соңғы жылдары ұрлық-қарлық сияқты орташа ауыр қылмыстар көбейсе керек. Қадағалаушы орган өкілдерінің өздері жүргізген тексеріс жұмыстарының нәтижесі де көңілге қаяу түсіреді. Халық үміт-сеніммен қарап отырған мемлекеттік мекемелердің кейбіреуінде сыбайлас жемқорлық бар. Мәселен, қалалық құрылыс бөлімінің бастығы құрылысы аяқталмаған нысанды қабылдап қол қойған. Ақыры оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, шығындалған 7 млн теңге мемлекет қазынасына қайтарылыпты. Сондай-ақ, прокурорлар өңірдегі 12 спорттық мектепті де тексерген. Бармақ бастылық пен көз қыстылық мұнда да табылды.

Қонысбек Ыбыраев, Петропавл қаласының прокуроры:

-Спорт мектебінің директоры өзінің баласын жұмысқа алған, өзінің басқа да туыстарын қызметке алып, жалақы төлеп отырған. Баласы еш жерде тіркелмей, шетелге кеткенде де ай сайын еңбекақы аударған. Ол біздің ұсыныспен жұмыстан қуылды.

Жалпы, өткен жылы прокурорлар қылмыстарды әшкерелеу барысында мемлекетке  80 млн теңге қайтарған. Олар өңірге бөлінетін мемлекеттік қаржының мақсатты жұмсалуын бақылауды алдағы уақытта күшейтеміз деп отыр. Өйткені, Елбасы биылғы Жолдауында қадағалаушы орган өкілдерінің адалдығына зор сенім артып, нақты міндеттер жүктеді.

Қонысбек Ыбыраев, Петропавл қаласының прокуроры:

-Алдымыздағы басты бағыттардың бірі – құқық бұзушылықты бас кезінде анықтау қажет. Бұрынғыдай кішігірім қылмыстарды кешіре беруге болмайды. Тиісті бағасын беріп, тиісті жаза қолдану керек. Сонда ғана адам жасаған қателігін түсінеді.

Сондай-ақ, кезектен тыс мемлекеттік аттестаттауға облыста 157 прокурор қатысыпты. Сынақтан өте алмағаны – 3-еу.

Данаш Хамзина