ТКШ

Су тарифін қалыптастырудың жаңа механизмі



 

Тіршілік көзімен қамтамасыз ететін ұйымдардың жағдайын жақсарту, материалдық-техникалық базасын нығайту қажет бүгінгі күні. Сонда олардың көрсеткен қызметтерінен сұрау болады. Бұл ретте Үкімет аталмыш салаға 2013-2015 жылдарға арналған су тарифін қалыптастырудың жаңа механизмін бекітіп берді. Ол инвестицяның көлемін өсіру арқылы су желілері мен сумен қамтамасыз ететін нысандарды күрделі жөндеуден өткізу, қызмет сапасын арттыруды көздейді.

Марат Мұстафин, СҚО табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаментінің директоры:

Тариф барлық су кәсіпорындарында бірден көтерілмейді. Ол кезең-кезеңімен жүргізілмек. Мәселен, жаңа механизм бойынша «Қызылжар су» кәсіпорнын шектеулі тарифке биылғы жылдың соңында көшіруді жоспарлап отырмыз.  

Сумен қамтамасыз етуші кәсіпорындарға бюджеттен бөлінетін қаржы жеткіліксіз. Себебі ол кеткен шығынның орнын жаппайды. Сондықтан олар тарифті көтеруге мәжбүр. Бұл олардың көрсететін қызмет түрлерінің құнын өсіру арқылы қосымша қаржы жинауға мүмкіндік береді. Бірақ ол да жыртыққа жамау болып жарытпайды дейді мамандар.

Аслан Сатин, “Қызылжар су” ЖШС директоры:

-Мәселен жөндеуден өткен Солтүстік коллекторының баланстық құны 2 миллиард теңдеген асады. Бізде мұндай ірі су магистральдары мен нысандардың саны жетпістің үстінде. Соның бәріне қанша қаржы керектігін есептеңіздер.

Жаңа бағдарламаны үкімет ұсынып отыр. Бұл сумен қамтамасыз етуші ұйымдардың жағдайын жақсартуға бағытталған. Алайда одан тұтынушының қалтасы қағылмай ма деген сауал туындайды. Қарапайым халық, осыны да ескерген жөн дейді.

Амангелді Кенжеғозинов, зейнеткер:

-Бұларға көмектесу керек үкімет жағынан. Зейнеткерлердің қалтасына қараған болмайды. Мысалы, орташа зейнетақы 40 мың болса, үш бөлмелі үйге 15 мыңы кетеді. Қалғанына қалай күн көрмекпіз. Осыны өздеріңіз ойлаңыздар.
Үкімет бұл ретте жергілікті атқарушы органдарға кешенді жоспарды жүзеге асыруда халықтың әлжуаз топтарына қолдау көрсетуді де естен шығармау керектігін ескертті. Негізінен сараланған тарифті енгізу, судың бейберекет қолданылуына шектеу қою. Бұл өз кезегінде “жасыл” экономикаға өтуге бағытталған алғашқы қадам болмақ.

Самат Есмағи