ТЖ

Құтқарушылар ескертеді


 

Сақтықта – қорлық жоқ. Осы қағиданы ескермеудің арты өкінішті жағдайларға ұрындырып жатады. Солардың бірі өткен демалыс күндері ғана орын алды. Желтоқсанның 15-нен 17-не дейінгі аралықта облыс аумағында 3 бірдей өрт оқиғасы болып, оның салдарынан 5 адам өмірмен қоштасты. Ал оның себептері – өрттің алдын алу ережелерінің сақталмауы. Жаңа жыл мерекесінің жақындауына байланысты пиротехникалық жарылғыштарды сату көбейеді. Сондықтан, бұл уақытта өте абай болу керек дейді құтқарушы мамандар.

 Нұрлан Атығаев, СҚО төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің басқарма бастығы:
– Шыршаның маңында бенгаль шырақтарын қолдануға жол берілмейді. Пиротехникалық жарылғыштарды ғимараттың ішінде ұстауға болмайды. Тұрғын үйлердің жанында 50 м қашықтықта ғана қолдануа болады. Сонымен қатар, мекеме басшыларына өрт қауіпсіздігі шараларын жүргізу бойынша жауаптылық артылады.

Департамент мамандары алдағы уақытта сауда орындарында рейдтік шаралар жүргізуді көздеп отыр. Оның барысында лицензиясы жоқ жарылғыш заттар саудадан шығарылады. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында өңір тұрғындары үшін түсіндіру жұмыстары жиі жүргізіледі. Ағымдағы жылы мемлекеттік өрт қадағалау басқармасы 3636 нысанда бақылау өткізіпті.

 Нұрлан Атығаев, СҚО төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің басқарма бастығы:
– 11 айдың ішінде облыс аумағында 777 өрт тіркелген. Оның салдарынан 38 адам қаза тапты. Оның бесеуі – балалар. 29 адам жарақаттанды. Одан келген материалдық залал мөлшері – 487 млн 768 мың теңге. Өткен жылмен салыстырғанда өрт оқиғалары 11 пайызға артқан.

Жиын барысында айтылған мәселелердің бірі – өздерін Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымыз деп таныстырып, тұрғын үйлерді аралап, дерек жинайтын белгісіз адамдар жайлы болды. Үйлеріңізге белгісіз біреулер келіп, өздерін департамент қызметкеріміз деп таныстырса, олардан қызмет куәлігін талап етіп, болмаса 112 номеріне хабарласу керек.

Әспет Әбдірешова