Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Петропавлда сауда орындарын аралады


Ең алдымен облыс әкімі Серік Біләлов бұрынғы «Қызылжар Ақбастау» базарын аралап, азық-түлік бағасын қарады. Мұнда сиыр еті шамамен – 1300, шошқа еті – 1100, ал құс еті   470 теңгеден саудалануда. Өңір басшысын шұжық өнімдерінің де құны қызықтырды.

– Шұжық өнімдері бойынша өзгеріс бар ма?
Жоқ.
Міне «Докторская» шұжығы – 1150 теңге. Баға көтерілді.
Біз өнім өндірушілермен тікеелй жұмыс істемейміз ғой.

Жұмыртқаның он данасын бұл жерде 170-180 теңгеден, ал осындағы бағаны тұрақтандыру қорының нүктесінде 150 теңгеден сатып алуға болады. Бұл нүктедегі картоптың құны – 50, күріштің бағасы 120 теңге. Сәбізді 75 теңгеден, орамжапырақты 80 теңгеден алуға болады. Ал сұйық май 240 теңгеден саудалануда. Алайда өзге сөрелерде оның бағасы қымбат. Мәселен, картопты 80 теңгеден, пиязды 70 теңгеден, сәбізді, қырыққабатты және қызылшаны 100-120 теңгеден сатуда.Ал бал өнімін саудалап жатқан жерде тауардың бағасы көрсетілмепті. Бұл жағдайды облыс әкімі сынға алды.

Бағасы қайда? Әлде сатып алушының келгенін күтіп, құнын кейін айтасыңдар ма?

Кейін өңір жетекшісі «Тайга» базарына ат басын тіреді. Мұнда да алдымен бірінші кезектегі маңызға ие азық-түлік сөрелеріне бет алды. Бағаны тұрақтандыру қоры нүктесінен басқа жерлерде жұмыртқаның 10 данасы 170-190 теңгеден сатылуда. Облыс әкімі жұмыртқаның бағасы тұтынушылардың қалтасына салмақ салады дейді. Мәселені қарауды талап етті.

Құс фабрикаларының директорларын жинап кеңес өткізу керек. Олар тікелей сауда орындарына әкеліп, өз бағасымен сатса, нұр үстіне нұр. Әйтпесе, делдал адамдар фабрикалардан өнімді 150 теңгеден сатып алып, сауда орындарына 160 теңгеден сатуда. Ал сатушылар болса, оның үстінен 30 теңге қосып, 190 теңгеден саудалауда.

«Тайга» базарында сиырдың жұмсақ еті 1400-1300 теңгеден, шошқа еті – 1000 теңгеден болса, құс еті 480 теңгеден саудада тұр. Бұл жерде картоптың келісі 80 теңгеден, сәбіз – 115-тен, орамжапырақ 125 теңгеден сатылуда. Базарда бағаны тұрақтандыру қорының нүктесі де жұмыс істейді.
Облыс әкімі «Дария» базарына да соқты. Мұнда да еттің бағасы 1000-1500 теңгенің маңайында. Бұл жерде картоп пен пиязды 70-90 теңгеден, сәбіз бен қызылшаны 120 теңгеден, ал қырыққабатты 140 теңгеден алуға болады.
Бұдан кейін өңір басшысы «Шапағат» әлеуметтік дүкеніне ат басын бұрды. Мұнда нанның бөлкесі 42 теңгеден, жоғары сұрыпты ұнның келісі 85 теңгеден, ал жұмыртқаның 10 данасы 150 теңгеден сатылуда.
Соңында өңір жетекшісі «Сокол» супермаркетіндегі азық-түлік бағасын байқап көрді. Мұнда сатылатын көкөністердің бағасы жоғары. Сондықтан облыс әкімі Серік Біләлов бұл сауда орнында да бағаны тұрақтандыру қорының нүктесін ашуды тапсырды.

Алексей Чен, “Солтүстік” ӘКК” АҚ басқармасының төрағасы:
-Бірінші кезектегі әлеуметтік маңызға ие азық-түлікті қолжетімді бағамен сату үшін бірнеше нүкте аштық. Бағаны тұрақтандыру қорының тауары «Шапағат» әлеуметтік дүкендер жүйесінде, «Тайга», «Дария», бұрынғы «Қызылжар Ақбастау» базарларында сатылады. Бүгінгі күні «Сокол» дүкенінде де ашу үшін келісім жүргізудеміз.


Джебе Искаков,  «Солтүстік» қаржылық компаниясы» ЖШС бас директоры:
-Бірінші кезектегі азық-түлікті 15-20 пайызға арзан бағамен сатамыз.
Оның ішінде сұйық май, күріш, картоп, сәбіз, орамжапырақ, қызылша пияз бар. Мұның барлығы халықтың игілігі үшін жасалып отыр.

Бүгінде бағаны тұрақтандыру қорында 1500 тоннадан астам картоп, 800 тоннаға жуық сәбіз, 300 тонна пияз бар.

Айдана Демесінова