Бизнес және экономика

Касса аппараттарының жұмысына аяз кедергі болып тұр


 

Жаңа жылдан бастап барлық сауда орындарында бақылау-кассалық құрылғы  болу керек деген тәртіп жеке кәсіпкерлерді сарсаңға салайын деді. Өйткені, бұл аппараттар солтүстік өңірдің суығына арналмаған болып шықты.   -20 градустан бастап +40 градусқа дейін ғана жұмыс істеуге шамасы бар. Әсіресе, сыртта саудалайтындар үшін  қиын. Жеке кәсіпкер Людмила Васильева да 23 мың теңгеге сатып алған осындай құрылғысын іске қосуға жүрегі дауаламай отыр.

Людмила Васильева, жеке кәсіпкер:

Сөзсіз, мен кассалық апаратты сатып алдым. Тіркеуге қоюға да тапсырғанмын. Бірақ, маған сатып аларда сатушылар құрылғының аязға шыдамайтынын айтты. Булана береді. Оның жөндеуі бар, айыппұлы бар, қысқасы – шығынға бататын жайым бар. Сол себепті, қаңтардан ісімді әлі бастаған жоқпын.

Бүгінде қалада нақты 200-ден астам бақылау-кассалық құрылғы  тіркеліпті. Бұған дейін салық бір реттік талонмен төленіп келсе, қазір 3 салық режимі жұмыс істеп тұр: патент, жалпы бекітілген тәртіп және оңайлатылған декларация. Бақылау-кассалық құрылғылар  соның соңғы екеуі бойынша орнатылу қажет.

Надежда Дубовая, “СҚ тұтынушылар және кәсіпкерлер құқығын қорғау ассоциациясы” ҚБ төрайымы:

– Бақылау-кассалық аппараттарын орнатуға бізде ауа райы суық. Екіншіден, базарларда коммуникация жоқ қой. Міне, осы жағын егжей-тегжейімен қарастыру қажет. Мен төлем  терминалдарын орнатуды ұсынамын.

Бірақ, дейді прокурорлар, терминалдарды орнату заңға қайшы келеді.

Арман Құсанов, облыстық прокуратура  басқармасының аға прокуроры:

– Терминал бір реттік талон – салықтық режим жағдайында ғана қолданылуы мүмкін. Ал, бір реттік талон тәртібі жаңа жылдан бастап тоқтатылған.

Бұл – тараптардың осы тақырып төңірегіндегі алғашқы талқылауы. Прокурорлар мәселені екі жаққа тиімді болатындай етіп шешуге тырысамыз дейді. Оған уақыт қажет.

Данаш Хамзина