Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда үй құрылысы комбинаты салынбақ

 

Үй құрылысы комбинатының жобасын «Ликон» неміс компаниясының өкілдері әзірлеген. Оны салуға шамамен 10 га аумақ жер бөлінеді деп жоспарлануда. Учаскеде су бар. «Электр энергиясы мен кәріздік желілерді тарту да қиынға соқпайды»,- дейді мамандар. «Ликон» фирмасының міндеті – технология және қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету. Ал облыстық әкімдік, тиісінше, жобаға жеке инвестицияларды тартпақ. Және үй құрылысы комбинаты инновациялық жобалар тізіміне енетін болады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Жоба «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасына қатысатын болады. Несие алу мәселесі осылайша шешілмек. Атқарушы билік тарапынан қажетті жер телімін алуға, инфрақұрылымын жасауға қол ұшын береміз. Нысандарды байқап, тиісті ұсыныстар жасау үшін арнайы топ құрылады.

Қостанай қаласындағы дәл осындай комбинатты «Ликон» компаниясы күзде аяқтамақ. Сондықтан тәжірибе жеткілікті.

Виктор Лихтнер, «Ликон» компаниясының президенті:
Мұндай көлемдегі үй құрылысы комбинаттары шамамен 12-14 ай ішінде салынады. Ақтөбе қаласымен де келісімшарт жасамақшымыз. Сондықтан бірлескен жобаны сәтті аяқтаймыз деп ойлаймын.

Жиынға банктердің өкілдері де қатысты. Олар нақты бизнес-жоспар құрылған соң несиенің үстемақысын қарастыруға дайынбыз деп отыр. Өйткені ірі көлемдегі соманы беруге банк филиалдарының құзыры жоқ.

Александр Кондратов, «Петропавл құрылыс материалдары зауыты» ЖШС бас директоры:
Қажетті құрылғылар және цех салуға кететін шығынмен есептегенде жобаның құны шамамен 25 млн АҚШ доллары болмақ. Бірақ бұл әлі нақты сома емес. Және зауыттың қандай бағытта жұмыс атқаратынын шешу қажет.

Жобаға қатысты нақты шешім 2 айдан соң қабылданбақ.

 

Инеш Шоқақова