ТЖ

Құтқарушылар үшін мейрам тыныш өтті

 

 

4 күндік демалыс кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің 132 қызметкері қадағалапты. Мереке күндері өңірде өрт оқиғалары орын алған, бірақ  айтарлықтай оқыс оқиғалар болған жоқ дейді департаменттің баспасөз қызметкері Евгений Журавлев.

 Евгений Журавлев, СҚО Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметкері:
– 4 күн ішінде 8 өрт оқиғасы орын алды. Олардың себептері әр түрлі:сымдардың қысқа тұйықталуы, өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауынан болған көбі. Жаңа жыл түні төтенше жағдай орын алған жоқ деп айтуға болмас. Таңғы бес кезінде бізге облыс орталығында жол оқиғасы орын алғаны туралы хабар жетті. Көлігімен келе жатқан бір адам жол қоршауына соғылған. Біздің құтқарушылар оған көмектесіп, ауруханаға жеткізді.

Төтенше жағдайлар қызметкерлері демалыс күндері күшейтілген түрде жұмыс істеген. Бұл құтқарушылар үшін үйреншікті жағдайға айналған.

 Евгений Журавлев, СҚО Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметкері:
– Өрт сөндірушілер, суда құтқарушылар, сонымен қатар, басқарманың офицерлері кезекке шықты. Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің барлық гарнизондары күшейтілген режимдегі дайындықта болды.

Жалпы өткен жылы өңірде барлығы 300 жол-көлік оқиғасы,  900-ге жуық өрт тіркелген. Оның салдарынан 55 солтүстікқазақстандық қаза тапса, тағы 50 адамның өмірін су апаты жалмаған.

Әспет Әбдірешова