Қоғам

2012 жылдың жарқын беттері

 

 

 

2012 жылы өңірдің дамуына үңіліп қараған адамға түрлі саладағы айтарлықтай өзгерістерді аңғару қиын емес. Мұны аймаққа келіп, бірқатар нысандарды аралаған Елбасы да атап өтті. Биыл жергілікті дикандар 4,9 млн тонна астық жиды. Гектардың орташа берекелігі – 12,9 центнер. Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылғы қуаңшылыққа қарамастан айтарлықтай өнім жиған диқандармен кездесті. Бұл жыл сайынғы игі дәстүрге айналған. Президент жаңа кейіпке енген вокзал аумағында да болды. Сондай-ақ жылдық қуаттылығы 85 мың тоннаны құрайтын Орталық Азиядағы бірегей сүт зауыты Елбасының назарына ұсынылған болатын. Кешеннің қолданысқа берілуімен жаңадан 160 жұмыс орны құрылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:

-Елімізде жұмысшылардың әл-ауқатын арттыруға үлкен көңіл бөлінеді. Жалақы мәселесі назардан тыс қалмайды. Еңбек адамының жұмысы тиісінше бағаланады. Ел бойынша әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Солтүстік Қазақстан өңірінің ауылшаруашылығымен таныстық. Егін бітік шығыпты, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту жақсы жолға қойылған. Енді ірі сүт кешені ашылды.

Жалпы бұл жылы өңірімізге іссапармен келген делегациялар аз болмады. Яғни бірқатар саланың дамуына тың серпін берілді. Келісімдер жасалып, меморандумдарға қол қойылды. Алайда бизнесті қолдау бағытында биылғы жылы ұйымдастырылған ең ірі жиын – Петропавлда өткен халықаралық инвесторлар форумы. Отырыста шетелдік және отандық кәсіпкерлер өңірімізде ашқысы келетін 20-ға тарта жоба ұсынды. Кездесу соңында жалпы құны 1 млрд. теңгенің келісімдеріне қол қойылды. Бұл жобалар іске асырылған жағдайда кәсіпкерлікті дамытып қана қоймай, ауылшаруашылығы, құрылыс саласы қарқындап, тың зауыттар бой көтермек.  
Өндірістік кәсіпорындар үшін де 2012 жемісті жыл болды. Бірқатар жаңа жобалар ойластырылды. Өңіріміздің индустрияландыру картасына 30 инвестициялық жоба енді. Олардың жалпы құны 42,3 млрд тенге. Дәстүрлі жалпыұлттық телекөпір кезінде тың жобаның бірін Елбасы іске қосты. «Мұнаймаш» АҚ-ның «Өнімділік-2020» бағдарламасының аясында жүзеге асырған жобасының құны 1 жарым млн теңге.
Бір сөзбен, аймақта мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы тиісті деңгейде. Мәселен, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша екі қолға бір күрек таба алмай жүрген 1235 адамның мәселесі шешілді. Бағдарламаны орындау үшін бұл жылы 3 млрд теңге қаражат бөлінді.

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:
Жыл сайын “Жұмыспен қамту-2020” және өңірлерді дамыту бағдарламалары шеңберінде 30 мың адам жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды. 70 пайызы тұрақты қызметпен қамтылды. Нәтижесінде жұмыссыз тұрғындардың саны 2 мыңға кеміді. Осылайша, жұмыссыздық көрсеткіші 5,1 пайыз. Келер жылдан бастап бағдарламаның бірінші және үшінші бағыттары бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылмақ.   

СҚО – аграрлық аймақ. Бұл өңірде қандай саланың дамуына ерекше назар аударылатынын білдіреді. Мұның бір мысалы – ауылшаруашылығы саласының қызметкерлеріне арналған ортақ үйдің бой көтеруі. Енді барлық ауыл шаруашылығы мекемелері бір жерде орналаспақ.
Денсаулық сақтау саласында да маңызды жаңалықтар жоқ емес. Перзентті болуға үмітті солтүстікқазақстандықтар енді экстрокорпоралды ұрықтандыру орталығының көмегіне жүгінбек. Жаңа мекеменің ашылуы өнірде бала туу көрсеткішін ұлгайтады деген болжам бар. Мамандарды оқытып, нысанды іске қосу облыс бюджетінен 70 млн теңге қаржатты талап еткен.
Ал 36 млрд теңге білім беру саласына жұмсалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға артық. Тиісінше, балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 52 пайыздан 85-ке дейін артып отыр. Талай байкаулар мен олимпиадалардың жүлделі орындары да солтүстікқазақстандық оқушыларға бұйырды.
Мәдениет саласындағы маңызды оқиға мемлекеттік мереке ретінде Тұнғыш Президент күнінің атап өтілуі болса керек. Мереке қарсаңында Тұнғыш Президент залы ашылып, түрлі шаралар өткізілді.
2012 жылы жергілікті спортшылардың қоржыны алқаларға толды. Оның ең құндыларының бірі – Александр Винокуровтың 30- жазғы олимпиада ойындарында жеңіпалған алтын медалі. Бұл додадан соң үлкен спорттан кетуді ұйғарған жерлесіміздің жолын қуатын спортшылардың барын Алексей Луценко дәлелдеді. Ол веложарыстан әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Бұл жеңіс спортшыға жеке пәтердің кілтіне ие болуға септесті.

Сондай-ақ жыл соңында болған маңызды жаңалықтардың бірі – Елбасының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын жариялауы. Тың идея солтүстікқазақстандықтардың қолдауына ие болды.

Жангелді Тәжин, қалалық мәслихат депутаты:
2050 жылға дейін даму стратегиясын құрастыру әрбір мемлекеттің қолынан келе бермейді. Өйткені оны орындау қажет. Сондықтан Елбасының Жолдауы біздің еліміздің жыл сайын ілгері жылжып, дамып келе жатқандығының белгісі.

2012 жылда өніріміз бен тұтас еліміздің дамуына бағытталған істің бір бөлігі ғана орындалды деп есептеуге болады. Сондықтан бағындырар асулар әлі алда. Оларға жету үшін биылғыдай әр солтүстікқазақстандық өз үлесін қосса игі.

Инеш Шоқақова