Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс орталығында жаңа балабақша ашылды

Елімізде мектепке дейін білім беруге үлкен көңіл бөлінуде. Мемлекетімізде «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асып келеді. 2015 жылға дейін облысымыздағы 3-6 жас аралығындағы барлық балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету көзделген. Осы орайда Петропавлда жаңа балабақша бой көтерді. Оның ашылу салтанатына өңір жетекшісі Серік Біләлов қатысты.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы халыққа жолдауында тәрбие және білім беру мәселесіне баса назар аударады. Елбасының «Балапан» бағдарламасы аясында біздің облысымызда бірталай балабақша бой көтерді.

Ашылу салтанатынан кейін облыс әкімі Серік Біләлов мектепке дейінгі білім беру мекемесін аралады. Өңір басшысы балабақшаға «Клавинола» музыкалық аспабын сыйға тартты. Балдырғандар келген қонақтарға өнерлерін паш етті. «Алтын бесік» деп аталатын бұл балабақша 320 орынға шақталған. Балдырғандар 14 топта тәрбие алмақ. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде тәлім алатындардың 75-і өзге ұлт өкілі болса, қалғандары қазақ балалары

Мәдина Дәрібаева, “Алтын бесік” балабақшасының директоры:
Ұлттық негіз, сана, тіл, тәрбие бесік жырынан басталады. “Алтын бесік” балабақшасында 14 топта 320 бала тәрбиеленеді. Ерекшелігіміз “Монтессори” кабинеті, компьютерлік сынып, дене шынықтыру залы бар.

Жаңа балабақшаның ашылғанына кезекте тұрған ата-аналар да қуанып қалды. Жанбота Шалабаевтың немересі де осы жерде тәрбие алатын болады.

Жанбота Шалабаев:
Бұрын “Петушок” балабақшасына 20-шы шағын ауданға баратын. Енді ыңғайлы. Бәрі жақсы болады деп ойлаймыз.

Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің бой көтеруімен 91 жұмыс орны ашылды. Мағжан Жұмабаев атындағы педагогикалық колледжді тәмамдаған Зәуреш Нұрмағамбетова мұнда тәрбиеші болып орналасыпты.

Зәуреш Нұрмағамбетова, “Алтын бесік” балабақшасының тәрбиешісі:
-“Алтын бесік” балабақшаның ашылғанына қуаныштымыз. Тәрбиеші болып атқарамын жұмысымды. Оған қуаныштымын.

Жалпы “Балапан” мемлекеттік бағдарламасы арқасында өңірдегі балақайлардың 86 пайызы мектепке дейінгі білім берумен қамтылыпты

Айдана Демесінова