Депутаттар отырысты бастамас бұрын Астана-Шымкент бағытында ұшқан әуе кемесінде қаза тапқан 27 шекарашыны 1 минуттық үнсіздіктен еске алды. Одан кейін жиынға қатысушылар Елбасының “Қазақстан-2050″ стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты халыққа жолдауын талқылап, баяндамаларын оқыды. Ағымдағы жылы өңірде қыруар жұмыс тындырылыпты. Жұмыссыздар қатары 2 есеге азайып, еңбекпен қамту үшін мүмкіндігі шектеулі жандарға 3 пайыздық квота берілді.
Қайрат Пішенбаев, “Нұр Отан” ХДП СҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Президент жұмыссыздықты жою, тұрғын үймен қамту, білікті мамандарды даярлау мәселелерін көтерді. Жолдаудағы әр жеті бағыттың өз орны бар. Біз осы маңызды құжаттардың талаптарын орындау арқылы жарқын өмір, елдің гүлденуі сияқты мақсат жолында үлес қосып, аянбай еңбек етуіміз қажет.
Барынша дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру үшін еліміз талай асулардан өтуі тиіс.
Серік Ахметбеков, облыстық мәслихат депутаты, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ филиалының директоры:
– Президент жолдауында 2050 жылға дейін 30 дамыған мемлекеттің қатарына кіруіміз керек. Сондықтан да біз депутаттар осы мәселелерді талқылап, жақсы нәтижелер болады деп есептеймін. Қазақстанда тұратын ұлттар Елбасының жолдауын орындаса, біздің елімізді өркендетеді.
Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда «Нұр Отан» партиясы бас болып, өзгеге үлгі көрсетуі қажет деді жиынға қатысушылар.
Гүлбану Ахметова