Қоғам

Солтүстікқазақстандық үш кәсіпорын «Парыз» сыйлығын иеленді



 

Еліміз бойынша жарияланған “Қазақстанның ең үздік тауарлары” атты байқау бірнеше аталымнан тұрады. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атану оңай емес. Ал жеңімпаз болу үшін атқарып жатқан жұмысың, конкурстың шарттары мен талаптарынан шығу керек. Байқау мақсаты бәсекеге төтеп бере алатын өнім өндіру. Бұл ретте үш бірдей солтүстікқазақстандық кәсіпорынның жұлдызы жанды. Олар “Киров атындағы зауыт” АҚ, “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігі мен “Мамлют ұн үгу комбинаты” серіктестіктері. Олар үшін бұл күн еңбектің еленгені- төккен тердің ақталғаны. Сол үшін аталмыш кәсіпорын басшылары бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін әспеттейтін «Парыз» сыйлығымен марапатталды.

Нұрсұлтан Назарбаев,  ҚР Президенті:

-Қазақстанда жасалған деген сөз нағыз сапаның, мықты өндірістің синонимы болуы қажет. Жаңа дәуірде Тәуелсіздігіміздің баянды болмағы ең алдымен экономикаға тәуелді. Экономика мықты болса ғана біз нағыз Тәуелсіз ел бола аламыз.  

Жерлестеріміздің дүбірлі додада топ жарып, “Парыз” сыйлығын иемденуін  барша теріскейліктердің жеңісі деп айтуға болады. Себебі олардың тауарлары “Солтүстік Қазақстанда жасалған” деген брендке ие.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:

-Телекөпір барысында тұсауы кесілген жобалардың екеуі біздікі. Ең ірі деген инновациялық бағдарлама қатарына еніп отыр. Бұл үлкен қуаныш. Оның үстіне үш кәсіпорнымыз жеңімпаз атанды. Бәріңізді осы жетістіктермен құттықтаймын.

Бағындырған асулар аз емес. Алайда онымен шектеліп қалуға болмайды. Тың идеялар мен жобалар болса, оларды жүзеге асыруда мемлекет тарапынан әрдайым қолдау бар. Еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды.

Самат Есмағи