Қоғам

Жаңажылдық жәрмеңке-көрме



 

Көрме залына 400-ден астам экспонат қойылған. Мұның бәрі жерлес қолөнершілердің еңбектері. Анна Зирюкина жәрмеңке-көрмеге фъюзинг техникасында жасалған еңбегін ұсыныпты. Шебер шынымен жұмыс істеу шыдамдылықты талап етеді, бірақ қанша дегенмен тартымды, – дейді.

Анна Зирюкина, шебер:

-Теледидардан алғаш көргеннен қызығушылығым оянды. Сосын онымен айналысып көруге бел будым. Суретшілер өз ойын ақ қағазға түсірсе, мен оны фьюзинг арқылы бейнелеймін.

Жәрмеңке-көрмеден жаңажылдық мерекеге қажетті жіптен жасалған шырша, түрлі суреттер салынған балауыздар мен құттықтау хат секілді кәдесыйларды кездестіруге болады. Қолөнерші Екатерина Комарова жаңа жыл мерекесінде мұндайдың ұйымдастырылуы бізге түрлі ой салады дейді. Келер жылдың символына айналған жылан сондай ойдан туындапты.

Екатерина Комарова, шебер:

-Маған қолдан жасалынған қуыршақтар бұрыннан ұнайтын. Соның бірін жаңа жыл мерекесімен байланыстырып жасауды ұйғардым. Жаман емес, мұнымен шектеліп қалмаймын.

Керамика, түрлі-түсті шыны, моншақ, табиғи тас секілді неше түрлі материалдардан жасалған өнер туындылары көздің жауын алады.

-Бұл заттар өзіне еріксіз назар аудартады. Мұның бәрі қолөнершінің қиялынан тундаған. Бәрі әдемі.
-Маған өте ұнады. Шын мәнінде бәрі адам қолымен жасалған. Таң қалмасқа болмайды.

Көрмені тек тамашалап қана қоймай, одан өзіңе ұнаған затыңды сатып алуға да болады. Мұндай кәдесыйлар жаңа жыл мерекесінде кім-кімге болмасын қуаныш сыйлары сөзсіз.

Самат Есмағи