Қоғам

Жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігі

 

 

 

Қазақстан Халқы Ассамблеясының 19-шы сессиясында Елбасы қоғамдық бақылау комиссиясын құруды жүктеген болатын. Президент бастамасымен құрылған үкіметтік емес ұйым мүшелері ең алдымен “Үдемелі-индустриалды даму” Ұлттық жобасы аясында жұмыс жасап жатқан кәсіпорындарды тексеріп өтті. Жоспардан тыс қадағалаудың қорытындысы көңіл көншітерлік. Өңіріміздің ірі өндіріс ошақтарында еңбек адамының құқықтары сақталатын көрінеді. Әсіресе, қарапайым жұмысшының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық берілуде. Тексерістер жалақы мен сыйақының уақытында төленетіндігін көрсеткен. Дей тұра, түйіні босамай қойған күрмеулі мәселелер де жоқ емес.

 Елена Мезева, СҚО Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:
– Білікті мамандардың тапшылығы өзекті болып тұр. Жұмысшылардың көбі жас, шеберлігі шикілеу. Кәсіпорындар арнайы білімсіз адамды алып, мамандықтың қыр-сырына үйретуге мәжбүр. Көбінің техникалық базасын жаңартатын кез келді.  

Жас мамандар – баспанаға зәру. Мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үй алуға қолдары жетпей отыр. Балдырғандарын мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне беруге бос орынның жоқтығы да алаңдатуда.

Александр Иванищев, СҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары:
Үкімет кәсіпкерге жеке кәсібін дамыту үшін жан-жақты қолдау көрсетеді. Түрлі бағдарламалар арқасында үлкен жеңілдіктер қарастырылған. Өз кезегінде жұмыс беруші де өз қызметкеріне барынша демеу жасап, мәселелерін шешуде септескені жөн.

Тексерістер өзге де кәсіпорындарда жүргізілетін болады. Қоғамдық бақылау комиссиясының мүшелері еңбек адамы құқықтарының сақталуы жіті қадағалауда болатындығын жеткізді.
Жеңіс Ермұқанов