Аптадағы маңызды жаңалықтар

Индустрияландыру күніне әзірлік



 

Индустрияландыру күнін республикалық Спорт сарайында ұйымдастыру жоспарланып отыр. Елбасының қатысуымен өтетін телекөпір барысында үдемелі индустриялық- инновациялық даму бағдарламасы аясында 13 өміршең жобаның тұсауы кесілмек. Тікелей байланыста іске қосылатын өндіріс ошақтарының арасында республика бойынша тек СҚО-дағы “Мұнаймаш” АҚ-ң құжаты толықтай дайын. Өзгелері ұсынған бастамаларына әзірлік актісін әлі тапсырмапты. ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов өңір жетекшілеріне уақыт күттірмейтін маңызды шаруаны тездетіп шешуді жүктеді. Аталмыш күні ел игілігіне жарап, мемлекеттің экономикалық әлеуетінің дамуына сүбелі үлесін қосқан азаматтар да “Барыс” орденімен марапатталатын болады. Сондай-ақ, “Қазақстанның үздік тауары” – “Алтын сапа” байқауының жеңімпаздары Елбасының қолынан жүлде алмақ. Үкімет үйімен селекторлық байланыс үзілген соң облыс әкімі Серік Біләлов өңір Индустрияландыру күніне сақадай-сай екендігін жеткізді.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-СҚО екі бірдей жоба ұсынып отыр. Алғашқысы – “Мұнаймаш” АҚ инновациялық бастамасы. Бүгінде кәсіпорын телекөпірге қатысуға 100% дайын. Сондай-ақ, “Зенченко және К” КС жел күшімен жұмыс істейтін екі электростанцияны іске қоспақшы. Онда қазір біздің комиссия жұмыс жасап жатыр. Акт дайын. Нысандарды іске қосу барысы менің жіті бақылауымда.  

Жеңіс Ермұқанов